Қазақстанда мобильді аударымдар төңірегіндегі мәселе жиі талқыланып жүр. Көпшілік «әр аударым бақылауға түседі ме?» деп алаңдайды. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жүйе барлығына бірдей қатысты емес екенін нақтылап отыр. Тексеру тек белгілі бір белгілер байқалған жағдайда ғана жүргізіледі.
Қандай жағдайда аударымдар тексеріледі?
Бұл дегеніміз – салық органдары жеке тұлғалардың барлық аударымын бақылайды деген сөз емес. Нақты екі шарт бар. Егер осы екеуі қатар орындалса ғана банк мәліметті салық органдарына береді.
Біріншіден, азамат үш ай қатарынан әр айда 100 және одан да көп адамнан ақша алуы керек. Екіншіден, осы үш айдағы жалпы сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып кетуі тиіс. Қазір бұл шамамен 1 млн теңгеден жоғары.
Яғни бұл талаптар тек тұрақты әрі жүйелі ақша айналымы бар адамдарға қатысты.
Жеке тұлғалардың барлық аударымдары жаппай тексерілмейді. Тексеру тек кәсіпкерлік қызмет белгілері байқалған жағдайда ғана жүргізіледі, – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Дина Құсайынова.
Банктер деректерді қашан береді?
Маманның айтуынша, банктер мен салық органдарының жұмысы заңмен реттелген, яғни ешкімнің жеке аударымдары себепсіз тексерілмейді. Мәліметтер тек бұған дейін айтылған талаптар орындалғанда ғана беріледі.
Бұл норма Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы бұйрығымен бекітілген.
Аударым қашан кәсіпкерлік табысқа айналады?
Егер ақша тұрақты түрде түсіп отырса және ол тауар сату, қызмет көрсету немесе жұмыс үшін төлем болса, онда ол кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда салық төлеу міндеті туындайды.
Ал бір реттік немесе жеке сипаттағы аударымдар бұл санатқа кірмейді.
Жеке аударымдарға салық салына ма?
Жоқ, жеке аударымдардың өзіне салық салынбайды. Салық тек табыс табу мақсатындағы қызметтен түскен қаражатқа ғана қатысты.
Мысалы, туыстар арасындағы ақша аударымдары немесе сыйлық ретінде берілген қаражат салық салуға жатпайды. Салық тек тауар немесе қызмет үшін алынған төлемдерге ғана қолданылады, – деп түсіндірді Дина Құсайынова.
Мысалы, туыстар арасындағы аударымдар, туған күн немесе тойға берілген сыйлықтар, сондай-ақ мектеп пен балабақша қажеттілігі үшін жиналған қаражат – бәрі жеке сипаттағы аударымдар.
Тексеру қалай жүргізіледі?
Егер банк мәліметті салық органдарына жолдаса, жұмыс екі кезеңмен жүреді.
Алдымен азаматқа ескерту сипатындағы хабарлама келеді. Бұл тек ақпарат беру үшін жіберіледі, міндетті түрде жауап қайтару талап етілмейді. Екінші кезеңде, қажет болса, камералдық бақылау жүргізіледі. Егер сәйкессіздік анықталса, ресми хабарлама жолданады.
Мұндай жағдайда азамат 30 жұмыс күні ішінде есеп тапсырып немесе өз түсіндірмесін беруі керек.
Жеке шотты бизнеске пайдалануға бола ма?
2026 жылдан бастап жаңа талап енгізілді. Енді әрбір азамат шот ашқанда оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтынын растауы тиіс.
Ал кәсіпкерлер үшін талап бөлек. Олар міндетті түрде арнайы бизнес-шот қолдануы керек. Сондай-ақ тауар немесе қызмет үшін төлем қабылдағанда кассалық аппарат немесе арнайы қосымша пайдаланылуы қажет. Бұл талап орындалмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Нені есте ұстау керек?
Мамандар бірнеше маңызды жайтты атап өтеді. Туыстар арасындағы тұрақты аударымдар жеке сипатта қалады. Салықтан хабарлама келсе, ешқайда барудың қажеті жоқ, жауапты онлайн жіберуге болады.
Ең бастысы – барлық аударым автоматты түрде салыққа ілінбейді. Тек кәсіпкерлік табыс белгілері анықталған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі.