Мобильді аударымдар: Қашан және қанша теңге аударылса, салық салынады

22 Ақпан, 10:41 1080

Мобильді аударымдар арқылы үш айда 255 мың теңгеден астам қаржы қабылдағандар салық органының бақылауына алынуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Жауапты ведомствоның басшысы кәсіпкерлерге салық салу шарттары қайта қаралатынын айтты. Шағын бизнес өкілдері бұған қарсы. Олар шығынға бататындықтан, тауар мен қызмет көрсету бағасын көтеруге мәжбүр болатынын айтты.

Енді салық органдары үш айдың ішінде 100 және одан көп адамнан жалпы сомасы ең төменгі 3 жалақы, яғни 255 мың теңгеден асатын ақшаны мобильді аударым арқылы алған азаматты тексере бастайды. Бұл ұсыныс үкіметте жіті қаралып жатыр. Осы орайда кәсіпкерлік кодекстің негізгі шартына сәйкес бір жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан асатын, яғни шамамен 1 миллион теңгені құрайтын адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті, – деді ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Кәсіпкерлер министрдің ұсынысы жүзеге асса, қарапайым халық пен шағын бизнес өкілдеріне ауыр соққы болатынын айтуда. Олардың пікірінше, бұл тексерістерден өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, базардағы тігіншілер, көшеде бақша өнімдері мен ұсақ-түйек заттарды сататын адамдар зардап шегеді.

Бізге келетін қарапайым адамдар. Олар карта алып жүрмейді, ақшалай ұстамайды. Төлемді мобильді қосымша арқылы аударады. Біз сияқты кәсіпкерлерді онсыз да тексерістің астына алады. Өзіміздің қаншама шығындарымыз бар. Салық деген өсіп жатыр, – деді кәсіпкер Нұргүл Бекова.

Сонымен қатар, олар бұл жаңашылдық тауар бағасы мен қызмет көрсету құнының тағы қымбаттауына әкеп соғатынын айтуда. Кәсіпкерлер енді аударым үшін банктер алатын комиссияны сатып алушылардан өндіреді немесе тауар мен қызмет үшін ақыны тек қолма-қол ақшамен талап ететін болған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: