15.11.2025
18:09
518
Мишель Обама президентікке үміткер болуға қатысты ойын айтты

Мишель Обама президентікке үміткер болуға қатысты ойын айтты

АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама елдегі саяси мәдениет әлі де әйел көшбасшыны мойындатуға дайын емес екенін ашық айтты. Бұл пікірін ол актриса Трейси Эллис Росс жүргізген әңгіме барысында білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мишель Обаманың айтуынша, соңғы президенттік сайлаулар американ қоғамының әйел саясаткерге деген көзқарасын айқын көрсеткен. Сол себепті ол 2028 жылғы президент сайлауына түсу ойында жоқ екенін нақты мәлімдеді.

Өткен сайлаулар бәрін көрсетті: өкінішке қарай, қоғам әлі дайын емес. Сондықтан менің кандидатурама үміт артудың қажеті жоқ. Әйел президентті қабылдауға дайын еместіктеріңізді өздеріңіз де мойындағыңыз келмейді, – деді ол.

Экс-бірінші ханым негізгі мәселенің түп-төркінін ер адамдардың көзқарасынан көріп отыр. Оның айтуынша, ерлер қауымы әлі де әйел билігін қабылдауға қиналады.

Басты кедергі – ер адамдардың көзқарасы. Олар әйелдің басшылық етуіне әлі де көндіге алмайды. Демек, алдымен қоғамның өзі өзгеріп, пісіп-жетілуі керек, – деді ол.

Мишель Обама – адвокат, жазушы, АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обаманың жұбайы. 2009–2017 жылдары бірінші ханым ретінде елдегі әлеуметтік жобаларды ілгерілетіп, ұлттық деңгейдегі бастамаларға үн қосқан. Кейін жарық көрген «Becoming. Менің оқиғам» атты автобиографиясы бүкіл әлемде бестселлерге айналды.