«Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясының тұсаукесері өтті

16 Желтоқсан 2022, 11:05 4292

«Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері 18:00-де эфирге шығады

Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүгін елордада Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаясының тұсаукесерін өткізді. Тұсаукесерге депутаттар, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен журналистер қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

6 бөлімді тарихи туындыда Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылады. Міржақыптың «Оян, қазақ!»  кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады.

Тарихи туындының мақсаты -  Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын қызықты сюжеттік желі арқылы кеңінен насихаттау арқылы жастар бойында мемлекетшілдік рухты қалыптастыруға ықпал ету.

Телехикаяның режиссері - Мұрат Есжан, продюсері - Айсәуле Әбілдаева. Сценарий авторлары - Мұрат Есжан, ақын, драматург Ұларбек Нұрғалымұлы және алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахман.

 Сериалда бас кейіпкер Міржақып Дулатовтың рөлін Бақыт Қажыбаев, жары Ғайнижамалдың рөлін Зарина Кармен, қызы Гүлнар Дулатованың рөлін Гүлжас Әпсетова ойнайды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханов бейнесін «Qazaqstan» телеарнасы түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының басты кейіпкерлері Байғали Есенәлі мен Бауыржан Қаптағай сомдайды.

Телехикаяның түсірілім жұмыстары Алматы және Қостанай облыстарында өтті. «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы «Qazaqstan» телеарнасынан 16-17 желтоқсан күндері 18:00-де эфирге шығады.

EL.KZ
Бөлісу: