Мыңжылдықтар мұрасы

8 Мамыр 2019, 09:15 7044

Ұлттық спорттың бастау көзі неде? Сәйгүлік пен шабандоздың үйлесімі қандай болу керек?

Бағзыдан жеткен бай мұра

Жылқының көшпенділер өміріндегі алар орны алабөтен. «Ішсең қымыз, жесең ет, мінсең көлік» деп бағалаған қазақ халқы үшін қамбар ата түлігі өмірінің етене бір бөлшегі. Байырғы соны қулалап, кер жайлаған  қалпымызда ол байлықтың да тікелей нышаны еді. Әрине, алаш баласы көшпенді салттан отырықшылыққа ауысып, одан қалалық мәдениетке бойсұнғаннан бері ат үстіндегі өркениеттен жырақтады. Кейбір салттар өмірімізден сусып шығып, атау-ұғымдар да архаизмге айнала бастады. Десе де түгелдей санадан өшіп, көмескіленіп кеткен жоқ. Ескінің жұрнағындай болып, саф күйінде жарқырап жеткенінің бірегейі  – ат үстіндегі ұлттық ойындарымыз.

Бүгінгі күнге дін аман жеткен осы мұрамызды одан әрі көркейту мақсатында арнайы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылған еді. Қауымдастық 2013 жылдан бастап көкпар, аударыспақ, теңге ілу қатарлы ойындардан ашық Азия чемпионаттарын, халықаралық бүркітшілер фестивалін, асау үйрету турнирін және басқа да ірі деңгейдегі шаралар өткізіп, көптеген игі жұмыстар атқарды. Міне, осындай жүйелі еңбек арқасында ұлттық ойындарымыз спорт ретінде қанатын кеңге жайды. Өңірлік ауқымнан республикалық деңгейге, одан халықаралық масштабқа ұлғайды. Соның бір мысалы – биыл ұлттық спорт түрлерінен жастар арасында өткізіліп отырған І Азия ашық чемпионаты. Бұған дейін ересектер арасындағы чемпионаттар дәстүрлі түрде өтіп келсе, енді жастарды да ұлттық спортқа баулу, мотивация беру – қолға алған істің келешегін кемелдендіретін нық қадам. Алыс-жақын 11 елден өкілдер қатысып, 200-ге тарта қатысушылар бақ сынасқан бұл топты дода ұлттық спортымызды тағы бір тың белеске көтергені анық.

Шабандоздың сәйгүлік бағын ашса...

Қазақтың ат үстіндегі ойын түрлерінің қай-қайсысының да делебені қоздырмайтыны кем де кем. Десе де денені бір ысытып, бір суытқан доданың думаны бабы келісті сәйгүлікпен тығыз байланысты. Өйткені қиқу салдырған жарыстың жүлдесінде тек шабандоздың ғана емес, оның мінген атының да  сүбелі еншісі бар. Көкпардан тартып, бәйге, жамбы ату, теңге ілу, қызқуар, аударыспақ сияқты ойындардың бәрінде де сайыскердің бағын жандыратын – күйіне келген сәйгүліктер. Иесінің тізгін жібергені мен тақым қысқанын,  тебінгені мен дем бергенін толық түсініп, қамшы басқанда шапшып шығып, тізгін тартқанда шапшаң тартынып, оқыс қимылдай алатын тұлпар ғана жеңіске бастай алады. Өйткені ойын үстіндегі әрбір әрекет – шешуші. Иесінің ойын оқып, икеміне қарай қозғалатын, түйсік пен сезімге тұнық жылқы – әрқашан шабандоздың бағы. Ал қаны қызса бас бермей, тізгінге көнбей көкезуленіп кетер одыраң аттар мәрелі жерде олжадан қағылмақ. Ат үстіндегі ойындардың шешуі уақыт пен қимылдың үйлесімінде болса,  сәйгүлік осы үйлесімге тігілген бәс.     

Жауынгерлік өнерден спорттық додаға

Әрбір спорттық ойындардың шығу төркініне қатысты айтылатын аңыздары болады. Мысалы, қазіргі таңда ақсүйектердің қызығына айналған гольф ерте кезде қойшылардың ермегі болғанға ұқсайды. Қойшылар қолдарындағы таяқтарымен допты қоян ініне кіргізіп жарысып, уақыттарын өткізіпті. Боллинг 3-ғасырда неміс топырағында діни жоралғы ретінде барлыққа келген екен. Күнәсінен тазару үшін адамдар шарды домалатып ұяға кіргізген. Кейін бірте-бірте дамып жетіліп, Еуропада танымал спорттық ойынға айналыпты. Ал біздің ұлттық ойындарымыздың шығу төркіні нақты бір аңызға телінбегенімен, тікелей жауынгерлік өнермен байланысты екенін кесіп айтуға болады. Айталық, көкпар мен аударыспақ қолдың қарымы мен білектің күшін шыңдайды. Ат үстінде шайқасқан батыр дұшпанын аттан сұлатып түсіріп, басымдыққа ие болу үшін немесе соғыста жаралы болған жолдасын жерден жалғыз қолмен көтеріп алып, аттың алдына өңгере қою сияқты аса қажет әрекеттердің бүгінгі бейнесін көкпардан көреміз. Теңге ілу де зер салып қарасақ, шайқаста қолданылатын тактикалық қорғаныс тәсілі екенін бағамдау қиын емес. Жаудың жебесінен ығу үшін шауып бара жатып аттың бір жақ қапталына бой жасыру немесе жерде жатқан қару-жарақты асқан ептілікпен іліп әкету сияқты соғыс өртіндегі қимылдар – теңге ілудің түп төркіні. Жамбы ату көшпенділерде тым ертеден-ақ бар. Өтірік жеңілген болып қашып, сол арқылы дұшпанын өзін қууға еліктіріп, одан аттың бауырында кері бұрылып жебе тарту сақ-ғұн заманынан келе жатқан көне айла. Атпен шауып келе жатып, аспанда ұшқан құсты жебесімен жерге түсіретін, құралайды көзінен дәлдейтін мергендер бүгінгі дәуірде өмір сүрсе, сөз жоқ, жамбы атудың қас шебері болар еді. Бұлардың бәрі ертедегі  шайқаста қолданылатын амалдардың бүгінгі ұлттық спорттың бастауы екенін айғақтайды. Әскери әдіс-тәсілдер жайшылықта ойын түрінде машықпен шыңдалатын болған. Уақыттың жылжуымен бірте-бірте әскери жаттығу реңкінен ойын түріне ауысып, одан қазіргі заманға жеткенде спорттық шара ретінде өмірімізден орын алды.

Теңге ілу  – әбжілдік өнер

Теңге ілу ойыны – жігіттің әбжілдігі мен ептілігін паш ететін спорт түрі. Әйгілі Александр Македонский азия құрлығының орталығына жорық жасап,  иен далаға иелік еткен жергілікті халықтың теңге ілу өнерін таңдай қаға тамашалаған деседі. Шапқан аттың бауырына түсіп жердегі түйіншекті асқан қырағылықпен шалт қимылдап іліп түсетін ерекшелігін көргенде «ат үстіндегі жауынгерлер үшін аса қажет ойын түрі екен»,– депті Македонский.

Теңге ілуден жастар арасында өткен І Азия ашық чемпионатына қатысушылар да көрермендерді тәнті етті. Азия чемпионы атағын еліміздің намысын қорғаған Ғалымжан Ізжанов еншіледі. Күміс медальді да өзіміздің шабандоз Нұрхан Елжанов олжалады. 3-4-орындарды Моңғолиядан келген Жеңісбек Серік пен Айболат Ұнат, 5-орын  Қытайдың Іле-Қазақ автономиялы облысынан келген Нұрболат Тәліпбайұлына бұйырды.

Фотода: теңге ілу.

Теңге ілу ойыны, әйгілі Македонский айтқандай, жігіттің  ептілігі мен күштілігі қыздың қос бұрымындай қатар өріліп, бір арнаға тоғысатын өнер. Азия чемпионы атанған Ғалымжан Ізжанов та біздің пікірімізді нақтылай түсті. «Спорттың бұл түрі жігітті ширақ болуға, ептілікке, күштілікке баулиды. Шапқан аттың бауырына түсіп, қарсы соққан желді жара түйіншекті іліп лақтыру сырт көзге оңай көрінгенімен, жүзеге асыруға келгенде аса қиындық тудырады. Кейде атың шабандап шаппай уақыттан ұтыласың, кейде қиғаштап, сыңарезуленіп қиыс тартып, түйіншектен алыстап кетеді. Секундтың өзі тартысты шешіп кететін ойында шапшаңдыққа баса мән беріледі. Теңге ілу спортымен 11 жасымнан бастап шұғылданып, ең алғашқы жеңісіме 16 жасымда қол жеткіздім. 2015 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық турнирде жеңіске жеттім. 2016 жылы жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінде жолым болмай, күміс медальді місе тұттым. Бірақ осындай сәтсіздіктер мені қамшылап, намысымды жани түсті. Астана қаласында өткен Азияның ашық чемпионатында жеңіске жеттім. Осы жолғы жастар арасындағы Азия чемпионатында сөз жоқ, басты қарсылас жерлесім Нұрхан Елжанов екенін  бәрі де білді. Десе де өзге елден келген қарсыластарымның да қарымды екенін байқадым. Менде бір ғана мақсат болды. Сайыс барысында абыржымай, атымды дұрыс бағыттап, уақытты тиімді пайдалану керек деп бекініп, ойдағыдай орындап шықтым»,– дейді жастар арасындағы Азия чемпионатың жеңімпазы Ғалымжан Ізжанов.

Аударыспақ – жігітті сынар ойын

Аударыспақ ойыны ат үстіндегі күресу өнері болғандықтан жігітті шапшаңдыққа баулып, төзімділікке үйретеді.  Ұлттық ойыннын осы түрінен  Қазақстанның  бірнеше дүркін жеңімпазы, 1 ашық Азия чемпионатының абсолюттік салмақтағы  чемпионы, Қырғызстанда өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарының (2016) бас жүлде иегері Біржан Қосалиев аударыспақта қара күшің аздық ететінін, асқан қырағы болмасаң, күтпеген жайттың орнауы әп-сәтте дейді. «Аударыспақта қарсыласың түрлі қараулық жасауы мүмкін. Қасақана баспен соғу, ұстасқанда саусағыңды қайыру,  атымен қағып есеңгіретіп жіберуге де тырысады. Тіпті, Қырғызстанда өткен дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қырғыз спортшысы беліне байлаған белбеуін тас қып таңып алып шықты. Ұстайын десем, саусағым симайды. Аударыспақта басты нысана – белбеу. Белбеуден ұстап алып тартып күресу әдістерін жасауға болады.  Сонымен бірге ұлттық ойынның бұл түрінде көп жайт астыңдағы атыңа байланысты. Мәселен, мен аударыспақтан сайысқа «астана» есімді арғымақты мініп шығуға тырысамын. Дене тұрқы анау айтқандай алып болмағанымен, естілігі керемет жануардың. Үстіндегі иесінің не ойлап тұрғанын өте жақсы біледі. Тақымды қысудан қимылыңды сезініп,  ыңғайыңа қарай қозғалып, көп көмегін тигізеді» дейді  Біржан Қосалиев.

Фотода: аударыспақ.

Біржанның ізбасарлары да өткен аптада аяқталған І Азия ашық чемпионатында ел намысын абыроймен қорғады. Тек аса ауыр салмақта ғана қанжығамызға 3-орын бұйырды. Азия чемпионаты 5 салмақ дәрежесінде өтті. 55 келіге дейінгі салмақта Аманжол Нұрбек азия чемпионы атанды. Финалда ол Ауғанстаннан келген Карими Масоудты атынан түсіріп кетті. 3-орын ресейлік Миржан Акчаловка тиді. 60 келіде Құралбай Ермек финалда Моңғолиядан келген Мағай Атхабылды жеңді, 3-орын Ауғанстан елінің намысын қорғаған Ансари Абдулжалилге тиді. 70 келіде Нұрмағанбет Иманғазыұлы өзбек Мирзохид Солиевті ұтып, Азия чемпионы атанды. 3-орын ауғанстандық Нуртаза Сафариге берілді. 80 келі салмақта Ғабит Ағабек чемпион атанса, өзбекстандық Суннатилла Кувондиков 2-орын, моңғолиялық Өмірбек Елік 3-орын иеленді. Аса ауыр яғни 80 келіден жоғары салмақта Моңғолиядан келген қандасымыз Жеңісбек Серік жеңіске жетті. Финалда тәжікстандық Сирогиддин Эгембердиевті ұтты. 3-орын қазақстандық Әділжан Жаналинге бұйырды. Еіліміздің мерейін үстем етіп, чемпион атанған  құрыш білек балуандар наурыз айында Қызылорда облысында өткен қазақстан чемпионатында да жеңіске жетіп, әр салмақтың серкесі атанған болатын. Бапкерлер де аударыспаққа ел біріншілігінде дараланған спортшыларды салып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Келесі жылы Түркия елі өткізетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарында аударыспақтан еліміздің намысын қорғайтын балуандар міне осы Азия чемпионатында бақтарын сынады. Бұдан кейін де ұйымдастырылатын әлемдік додаларға қатысып, тәжірибе жинап, ысылып, шеберліктерін арттыратыны сөзсіз.

Жер бетінде әрбір ұлттың өзінің ерекшелігіне тән, табиғатына келетін өнері болады. Қазақ дейін халықтың мәдениетін ән мен күйі танытса, ұлттық ойындарымыз да ұлтымыздың калориясын қалыңдата түседі. Сондықтан қашан да ұлттық ойындар – ұлттық бренд болып қала бермек.

Жастар арасындағы І Азия ашық чемпионатының аясында Алматыда Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының халықаралық форумы да өтті. Әлемнің 30-ға тарта елінен делегат келген форумда этноспортты дамытудың тетіктері талқыға салынды. Әр халықтың өзіне тиесілі  ұлттық ойындарын насихаттау, өрісін кеңейту мақсатында ұйымдастырылған жиында еліміздің ұлттық ойындарынның да келешегі сараланып, сүбелі ой-пікірлер айтылды.    

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: