"Минут сайын сағынамын". Меруерт Өтекешова жары марқұм Құман Тастанбек туралы естелігін айтты

21 Желтоқсан 2023, 17:45 3525

Белгілі актриса Меруерт Өтекешова жары Құман Тастанбековті еске алып, естелігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлі күнге дейін ағаларыңды минут сайын сағынамын. Іздеймін. Балаларым мен туысқандарым жанымда болса да, олар ағаңа жетпейді. Бәрі жан-жақтан менің көңілімді табуға тырысады. Бірақ бәрібір жүрек Құманды іздеп тұрады. Өзіме ең жақын адамдарым бұл дүниеде жоқ. Анам 92 жасқа жетіп дүние салса да анамды жоқтаймын. Ата-енем, әке-шешем, бауыр етім балам, туған сіңлім кетті. Бәрін сағынамын. Олардың арасынан Құманның орны бөлек еді. Мені жарынан айырылған әйел заты ғана түсінеді. Өте ерте кетіп қалды. Айтылмаған әңгіме, ашылмаған сыр қалды арамызда, – дейді актриса Ақжайық телеарнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, қыздарына өте риза екенін айтып, бақытты екенін жеткізді.

Үлкен қызымның есімі – Жібек. “Қыз Жібек” фильмінің құрметіне қойғанбыз. Жолдасы Ибрагиммен төрт бала тәрбиелеп отыр. Жиендерімнің алды студент, жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Кіші қызым да тұрмыста, Санжар жиенім жақында жасқа толады. Қыздарыма өте ризамын. Олар біздің отбасынан алған тәрбиені жалғастырып жатыр. Менің әке-шешеммен бірге тұрдық. Одан кейін ата-енемен тұрдық. Сол кісілерге көрсеткен құрметті қыздарым жалғастырып отыр. Соны көріп бақыттымын. Барлық балаларыма ата-анамды үлгі етіп отырамын, – деп жан сырын ақтарды өнер иесі. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: