Министрлікте лудоманияның алдын алу мәселелері талқыланды

7 Қыркүйек 2023, 08:31 912

ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері  лудоманияның алдын алу жөніндегі жұмысты жетілдіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелеріне «Ойын бизнесі және лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, сондай-ақ лудоманияның алдын алу жөніндегі кешенді жоспардың» жобасын таныстырды.

Кеңес мүшелері «Лудоманияның алдын алу жөніндегі кешенді жоспарды» әзірлеу мен іске асырудың уақтылығы мен қажеттілігін, сондай-ақ 4 қыркүйекте ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтылған Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Оның барысында халық арасында, әсіресе жастар арасында тәрбие және түсіндіру шаралары бөлігінде ойынға тәуелділік мәселелері қаралды.

Талқылау қорытындысы бойынша кеңес мүшелері «Лудоманияның алдын алу мәселелері жөніндегі кешенді жоспардың» жобасына бірқатар шараларды енгізу, әсіресе жастар арасында ойынға тәуелділікпен күрес жөніндегі ақпараттық-идеологиялық шараларды күшейту, сонымен қатар, елдегі лудоманияның дамуына жол бермеуге ықпал ететін әлеуметтік көзқарастарды қалыптастыруға азаматтық қоғам, діни қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.

Бұдан бөлек, Кешенді жоспарды іске асырудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында әрбір бағыт бойынша кеңес мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер мен сарапшылар кіретін салалық жұмыс топтарын құру жөнінде шешім қабылданды.

Берік Арманов
Бөлісу: