Министрлік ҰБТ қорытындысын жариялады

12 Шілде, 20:05 687

Бүгін негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігі тестілеу қорытындысын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су апатынан зардап шеккен 6 өңірде, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 12 шілдеге дейін ұзартылған болатын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрайымы Гүлзат Көбенова айтты.

ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі оны тапсыруға екі мүмкіндік  беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады, - деді спикер.

Биыл мектеп түлектерінің саны артып, 181 мыңнан астам талапкер екі мүмкіндікті қоса есептегенде 326 мың рет тапсырды. Гүлзат Көбенованың айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда 20 мыңға артық бала ҰБТ тапсырған. Бұл Қазақстандағы демографиялық жағдайдың жақсарғанын және жоғары білімге сұраныстың артуын көрсетіп отыр.

Соңғы үш жылдың ішінде алғаш рет 140 балл жинаған талапкер шықты. Бұл Алматы облысы, Талғар ауданы, Қарабұлақ ауылының №22 орта мектебінің түлегі Жаннұр Еңсебек. 139 балды 2 тестіленуші: Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады.

Бұл үш талапкер ауыл мектептерінің түлегі болып табылады. 716 оқуға түсуші 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді, - деді Гүлзат Көбенова.

Алдын-ала ақпарат бойынша, 139 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ын құрайды.

Зарина Арман
Бөлісу: