Министрлік Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдайға қатысты түсініктеме берді

28 Тамыз 2023, 19:01 997

19-20 тамыз аралығында Қырғызстан тарапынан шекараны кесіп өтетін жүк машиналарының жиналуы байқалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, жүк ағынының ұлғаюы жеміс-көкөніс өнімдерін әкету, жазғы кезеңде жолаушылар ағынының өсуіне байланысты пайда болған. Бұл өткізу пункттеріне көптеген машиналардың біржолғы келуіне әкелді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі шекара кеңістігінде, оның ішінде өткізу пункттерінде құқыққа қарсы қызметке қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар кешенін іске асыруда. Қазіргі уақытта өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істейді, орташа тәулігіне шекараны 350-400 жүк автомашинасы кесіп өтеді. Сонымен қатар, елдердің фискалдық органдары көлеңкелі тауар айналымына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, 2022 жылғы ақпанда қырғыз экспорттаушыларының электрондық шот-фактураларды міндетті ресімдеуі енгізілді. 2023 жылғы 1 сәуірден бастап тауарларға электрондық ілеспе жүкқұжаттарды міндетті ресімдеу енгізілді. Электрондық ілеспе жүкқұжаттар шекарадан өткенге дейін ресімделеді және жалған жүк алушылардың, банкроттардың, таратылған тұлғалардың және т. б. мекенжайына ресімдеу мүмкіндігін болдырмайды. Сондай-ақ 2023 жылғы 16 тамыздан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының алып қою тізбесінен тауарларды қадағалау паспортын (төмендетілген кедендік баж) қолдану бойынша техникалық эксперимент іске қосылды, - делінген ведомство хабарламасында.

Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру аясында, сонымен қатар көлік құралдарын кедергісіз өткізу мақсатында биыл 30 мамырдан 20 тамызға дейін үш ел навигациялық пломбаларды (Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) қолдану бойынша эксперимент жүргізілгені белгілі болды.

Эксперимент нәтижелерін зерделеу қорытындысы бойынша навигациялық пломбаларды қолдануды тұрақты негізде жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған барлық шаралар елдерімізге бақылау іс-шараларын электрондық форматта өткізуді қамтамасыз етуге, тауар айналымын ұлғайтуға жәрдемдесуге және елдеріміздің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді министрліктен.

Берік Арманов
Бөлісу: