Министрлік Кепебұлақ ауылындағы байланыс мәселесіне қатысты пікір берді

28 Ақпан 2023, 18:56 1410

Алматы облысы Кепебұлақ ауылындағы жеке үйде өрт болған кезде ер адам мен оның екі жас баласы қаза тапқан, деп хабарлайды El.kz  ақпараттық агенттігі.

Жергілікті тұрғындар ұялы байланыс пен интернеттің болмауынан ауылға құтқарушыларды шақырту мүмкін болмағанын айтып шағымданды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновпциялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов фейсбук желісінде пікірін білдірді.

«Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылында болған жағдай бойынша мынаны мәлімдегім келеді. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қарабұлақ ауылының халқы 524 адамды құрайды. Байланыс операторларының мәліметтері бойынша келесі байланыс технологиялары қол жетімді: Ұялы байланыс 2G-"КаР-Тел" ЖШС, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС, "Кселл"АҚ. Байланыс операторы берген лицензиялық міндеттемелерге сәйкес 500-ден астам халқы бар елді мекендер кем дегенде 2G стандартының дауыстық байланысымен қамтамасыз етілуі тиіс», - дейді Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы.

Алайда байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелерін орындамаған.

«Кепебұлақ ауылында «Кар-Тел» ЖШС операторы ұялы байланыс қызметін ұйымдастыруы керек еді, ал «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС операторлары бірлескен келісім шеңберінде (инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану)  қызмет көрсетуі тиіс. Алайда, «Кар-Тел» ЖШС басқа екі ұялы байланыс операторы үшін бірлескен келісім шеңберінде ұялы байланыс инфрақұрылымын ұйымдастырған жоқ, осыған байланысты осы ауылдағы байланыс сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Операторларға қатысты көрсетілетін қызметтердің сапасына тиісті тексеру жүргізілетін болады және операторларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарланатын болады», - деді Ержан Болатұлы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: