Министрлік Каспийде қырылған балыққа қатысты мәлімдеме жасады

31 Тамыз 2022, 23:33 2300

Су массаларының циклдік құйылуына байланысты теңіз акваториясы мен жағалау бөлігін одан әрі зерттеу үшін әуе кемесін пайдалану туралы шешім қабылданды.

2022 жылғы 29 тамызда әлеуметтік желілерде Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі судың қайтуы нәтижесінде балықтың қырылуы тіркелген бейнетүсірілім жарияланды, деп хабарлайды EL.KZ.

Осы туралы жедел түрде жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы ғылыми ұйымдары, облыстық ветеринариялық қызмет, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасына хабарланды.

Балықтың қырылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауын зерттеуге Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері жедел түрде жіберілді.

Сонымен, 2022 жылғы 30 тамыздың сағат 15-00-дегі (Нұр-сұлтан уақыты) жағдай бойынша бақылаудағы акваторияның едәуір бөлігі тексерілді, бірақ балықтың қырылған жері анықталған жоқ.

Су массаларының циклдік құйылуына байланысты теңіз акваториясы мен жағалау бөлігін одан әрі зерттеу үшін әуе кемесін пайдалану туралы шешім қабылданды, өйткені автомобиль және су көлігін пайдалану мүмкін емес еді.

Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің жағалауы: Камынино, Ракуша, Жилая коса, Тереңөзек, Прорва учаскелері, Прорвадағы теңіз арнасы, сондай-ақ Сарықамыс жағалауының аумағы зерттелді.

2022 жылғы 31 тамызда Каспий теңізінің автомобиль және су көлігі жете алмайтын акваториясын тексеруді жалғастыруға мүдделі мемлекеттік органдардан (экология және полиция департаменттері, ветеринариялық қызметтер, әкімшілік, ҚР ҰҚК Шекара қызметі) құралған жұмыс тобы тікұшақты пайдаланып, қайтара ұшуды жүзеге асырды.

Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК-ның жедел деректері бойынша Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз деңгейінің орташа мәні:

11-17 тамыз минус 28,51 М БЖ (Балтық жүйесі)

18-24 тамыз минус 28,41 М БЖ.

25-30 тамыз минус 28,50 М БЖ.

21-24 тамыз аралығында құлдырау құбылысы байқалды.

25 тамыздан 31 тамызға дейін теңіз деңгейі тұрақтанды.

18 және 23 тамыздағы SENTINEL-2 спутниктік суреттерінен жағалау сызығы бірнеше ондаған шақырымға (5-25 км) шегінгенін көруге болады. Теңіздің осы бөлігіндегі тереңдік 50 см-ден аспағанын айта кету керек.

EL.KZ
Бөлісу: