Туризм және спорт министрлігі Алакөл көлінде болған қайғылы оқиғаға байланысты пікір білдірді. Ведомство алдымен көлде катер қағып, қайтыс болған Галина Сизикованың туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Біз отбасы мүшелерінің қайғысына ортақтаса отырып, бұл қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты және әділ тергеуге, сондай-ақ кінәлілерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартуға сенім артамыз,-делінген мәліметте.
Министрлік туристік маусым алдында жергілікті атқарушы органдар мен орталық құзырлы мемлекеттік органдардың назарын, әсіресе жағалау мен су айдындарындағы демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне аударғанын атап өткен. Сонымен қатар су көлігі қызметін реттеу мәселелері, оның ішінде лицензиялау, басқаруға рұқсат беру, техникалық тексеріс және шағын көлемдегі кемелерді тіркеу Туризм және спорт министрлігінің құзыретіне жатпайтынын алға тартқан.
Осыған байланысты министрлік Көлік министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ресми хат жолдап, су айдындарында демалушылардың қауіпсіздігін бақылауды күшейту және мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау жөнінде қатаң ұсыныс білдірді. Министрлік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар жүйесін жетілдіру және уәкілетті құрылымдар тарапынан ақпараттандыру, алдын алу және бақылау мәселелерін қоса алғанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту жұмыстарын жалғастырады,-делінген хабарламада.
Еске салсақ, Алакөлде шомылып жүрген 63 жастағы әйелді катер қағып кетіп, қайтыс болды. Оқиға бүгін түскі уақытта болған.