Министрлер жылы кабинеттерінен шығып, ЖЭО-ның басы-қасында жүруі керек – депутат

13 Желтоқсан 2023, 12:38 953

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жыл сайын елімізде ЖЭО-ның 5-7 пайызы ғана жөнделетінін айтты. Сәйкесінше бұл елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, елімізде 80 пайыз инфрақұрылым мен жылу орталықтарының тозығы жетіп, 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген.

Былтырғы, Екібастұз, Риддер, Балқаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Соған қарамастан біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұлай жалғаса берсе, жылу энергетикасында коллапс орнауы бек мүмкін. Бұл бір. Шіріген құбыр, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз, - деді Саиров.

Мәжілісмен былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайтуға 160 млрд теңге қаржы бөлінсе де, сықырлаған аязға төтеп бере алмағанымызды алға тартты.

Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік, - деді ол.

Ерлан Саиров осы тұста үкіметке өз сауалын жолдады.

Осы орайда алдағы 3 ай қыста бірінші жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, осы аязды күндері жылу орталықтарының бас-қасында жүруі керек. Екіншіден, 2022-2023 жылдары мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражатқа қатаң сараптама жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы тиіс! Үшіншіден, осы күндері өңірлердегі жедел штабтардың жұмысын «екі еселенген 24/7 режиміне» көшіру қажет, - деді Саиров.

Сондай-ақ Ерлан Саиров әкімдіктер мен үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті аймақтар бойынша «Тәуекелдер картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс екенін алға тартты.

Миражан Махан
Бөлісу: