Сұлулық индустриясы – талғампаздық пен шеберлікті талап ететін сала. Соның ішінде тырнақ әрлеу өнері соңғы жылдары ерекше дамып, сән әлемінің маңызды бөлігіне айналды. Осы ретте өз ісінің білікті маманы, бірнеше жылдық жылдық тәжірибесімен талайды тәнті етіп келе жатқан тырнақ шебері Айнагүл Күзкеновамен әңгімелесуді жөн көрдік. Бүгінгі сұхбатымызда кейіпкеріміз тырнақ әрлеу өнерінің қыр-сыры, осы кәсіпке деген қызығушылығы туралы айтып берді.
Айнагүл Күзкенова Астана қаласының тумасы. Жасы 37-де. Елордаға көшіп келгеніне 12 жыл болды. Оған дейін Павлодар облысы Екібастұз қаласында тұрған. Сол жерде білім алып, отбасын құрыпты.
Cурет: El.kz
Менің күйеуім, екі балам бар. Отбасым мені әрдайым қолдап отырады. Күні-түні жұмыс істейтініме қарамастан, үнемі қолдарынан келгенше жәрдемін беруге тырысады. Жолдасым менің көп жұмыс істейтініме, басқа қалаға бірнеше күнге кетуіме ешқашан қарсы болған емес. Айтар алғысым шексіз!, - деді шебер.
Кейіпкеріміздің сәнге деген қызығушылығы кішкентай кезінен бастап оянған.
Cуреттер: El.kz
Үш жасымда анамның шашына резеңке тағып ойнайтынмын. Ал мектепте оқып жүрген кезімде құрбыларымның шашын неше түрлі етіп, әрлеп беретінмін. Сөйтіп, 9-сыныптан кейін шаштараз курсын оқып алдым. Осылайша сән саласында жүргеніме 15 жылдан асты, - деді ол.
Айнагүл мансабын шаштараз ретінде бастаған. Кейіннен тырнақ әрлеуге көшті.
Екібастұз қаласында 3 айлық курс оқып алдым. Бірінші ай қолдың тырнағын әрлеуді, екінші ай аяқтың тырнағын әрлеуді, үшінші ай балалар мен ерлерге арналған тырнақ әрлеу тәсілін меңгеріп шықтым. Содан бері 10 жыл уақыт өтіпті, - деді шебер.
Айнагүлдің қолынан бәрі келеді. Классикалық, жапондық сынды түрлі тырнақ әрлеу тәсілін біледі. Оның әрбір жұмысы өзіндік ерекшелігі мен көркемдігімен көз тартады.
Cуреттер: El.kz
Тұтынушыларым өте көп. Отбасымен бірге қызметіме жүгінетіндер жетерлік. Бірақ күніне 6-7 адам қабылдаймын. Себебі санынан гөрі сапасына мән беретін маманмын, - деді ол.
Кейіпкеріміз қыздарға 14-15 жастан бастап қана тырнақ әрлеуге кеңес береді.
Кішкентай балаларға тырнақ әрлеудің қажеті жоқ деп есептеймін. Бірақ кейде оларға көмектесу мақсатында гельмен лак жағып беруге тура келеді. Кейбір балалар тырнақтарын тістеп, алып тастай береді. Оған зақым келтірмес үшін тұтынушылар біздің көмегімізге жүгінеді, - деді Айнагүл.
Айнагүл алғаш рет сән салонында шебер ретінде Екібастұз қаласында жұмыс істеген. Содан кейін Астана қаласына көшіп келіп, 2012-2022 жылы бизнес орталығының бір бөлігін жалға алып, қызмет етті. 2023 жылы мұсылмандарға арналған салонда болды. Сөйтіп, 2024 жылдан бері елорданың басқа ғимаратында бір бөлмені жалға алып, жұмыс істеп жатыр. Қызметкер тырнақ әрлеуді үйретіп, шугарингпен де айналысады.
Салонда әзірге жалғыз жұмыс істеп жатырмын. Бірақ қасыма өзім сияқты шеберді іздестіру үстіндемін. Қасыма адам табылса, қажет кезінде бір-біріміздің орнымызды алмастырып, жақсы жетістіктерге қол жеткізе алатын едік деп ойлаймын, - деді Айнагүл.
Тырнақ әрлейтін шебер демалысқа көп шыға қоймайды. Себебі күн сайын таңнан кешке дейін тұтынушыларды қабылдайды.
Кейде тым көп жұмыс істегендіктен қатты шаршаймын. Тұтынушыларым өтініп сұрағанда бас тарта алмай қаламын. Мүмкін сол үшін де демалысқа шықпайтын шығармын, - дейді ол.
Айнагүл тырнақ әрлеу саласына тек табыс көзі ретінде қарау қате екенін айтады.
Cурет: El.kz
Сән саласында жұмыс істеу үшін ең бірінші қызығушылық керек. Себебі қай салада жұмыс істесеңіз де бар күшіңізді, махаббатыңызды салсаңыз, өз жемісін берері анық. Ал жай ақша табуды мақсат етсеңіз, ісіңіз көпке бармайды, - дейді ол.
Кейіпкеріміз секілді тырнақ әрлеу саласында қызмет ету үшін төзімді болу қажет. Өйткені бірнеше сағаттап бір орында отыру, он саусақты әрлеу бәрінің қолынан келе бермейді. Мұндай іспен ұзақ айналысу шеберлердің көру қабілетінің нашарлауына, омыртқасының қисаюына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.
Шебердің айтуынша, тырнақ әрлеу кәсібін бастау үшін кем дегенде 2 миллион теңге керек.
Cуреттер: El.kz
Негізі бұл бизнесті қолған алған адам шығынынан бөлек, 500 мың теңге табыс табуға мүмкіндігі бар. Ол шебердің өзіне байланысты. Қызметкердің неғұрлым тұтынушылар көп болса, соғұрлым ақшасын арттыра алады, - деді кейіпкер.
Айнагүл тырнақ әрлеуге қажетті заттарды бағасына, сапасына қарап таңдау қажет екенін айтады.
Cуреттер: El.kz
Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Алайда қанша жерден бағасы жоғары болса да мейлінше сапалы заттарды алған дұрыс. Мысалы шамды 65 мың теңгеге, тырнақтың айналасындағы теріні алуға арналған аппаратты 35 мың теңгеге, гельдің әрқайсын 2500 теңгеден алдым. Негізінде тырнақ әрлеуге қажет құралдар өте көп. Оның барлығын белгілі бір уақыт аралығында жаңартып отыру керек, - деді ол.
Кейіпкеріміздің сөзінше, тырнақ әрлейтін шеберлер гигиенаны әрдайым бірінші орынға қоюы тиіс. Өйткені қолданатын құрал-саймандарға дезинфекция жасамаса, тұтынушыға гепатит, зең секілді түрлі ауруды жұқтырып алу қаупі бар.
Егер құрал-саймандар дұрыс тазаланса, қорықпай жұмыс істей беруге болады. Тіпті абайсызда тұтынушының саусағын аппаратпен жырып өтсеңіз де неше түрлі ауру жұғып кетеді деп қорықпайсыз, - деді ол.
Айнагүл Күзкенова өзін жақсы көретін адам ішкі ғана емес, сыртқы да сұлулығына мән береді деп есептейді.
Көп адам тек әйелердер ғана тырнағын әрлетеді деп ойлайды. Бірақ мен мұны жаңсақ пікір деп айтар едім. Себебі ерлер де өзіне қарап, күтініп жүруі тиіс. Олар да тырнағын әрлеуі керек деген сөз, тырнағын өсіріп, бояп алуы қажет дегенді білдірмейді. Салонға келетін ер адамдар үнемі тырнағын, тырнақтың айналасындағы терісін алдыртып отырады. Бұл да тазалықтың бір түрі, - дейді кейіпкеріміз.
Айнагүл Күзкенова осы уақытқа дейін сән саласында жүріп, еліміздегі министр, вице-министрлерге де қызмет көрсеткен.
Танымал тұлғаларға қызмет көрсеткеннен кейін оларды теледидардан көргенде қуанып қаламын. Отбасыма «осындай беделді адамдармен жұмыс істеймін» деп бір мақтанып аламын, - деді тырнақ әрлеу шебері.
Осы ретте кейіпкеріміз болашақта кімдерге қызмет көрсеткісі келетінін атап өтті.
Cурет: El.kz
Қазақстандық жұлдыздардың ішінде Димаш Құдайбергеннің, Мақпал Исабекованың тырнағын қуана-қуана әрлеп беретін едім. Ал шетелдіктердің арасынан Robyn Rihanna, Britney Spears, Jennifer Lopez, Angelina Jolie сынды танымал адамдарға қызмет көрсеткім келеді, - дейді ол.
Айнагүл алдағы уақытта өзінің есімін брендке айналдыруды қалайды.
Астанада ғана емес, басқа қалалардан да филиалымды ашқым келеді. Халықтың мені нағыз өз ісінің маманы ретінде танығанын қалаймын, - деді шебер.