Министр «Жас сарбаздармен» кездесті

19 Қаңтар 2023, 22:20 1125

Ішкі істер ведомствосының басшысы Павлодардағы мектеп-интернетке арнайы ат басын бұрған

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодар қаласының Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» лицей-интернатының тәрбиеленушілерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери салаға мамандандырылған оқу орнының тәрбиеленушілері сап түзеуден бастап, қару-жарақты пайдалануға дейінгі жаттығуларды жақсы меңгерген. Басты жетістіктері – смарт бағыт. Робот техникасына ден қойған жеткіншектер өз қолдарымен әскери дрон түрлерін жасап шығарған. Кездесу кезінде олар ведомство басшылығына өз жұмыстарын көрсетті.

Электронды тир, қашықтықтан басқаратын танк үлгісі, адам үшін қауіпті жерге жіберілетін робот, сондай-ақ қылмыстық оқиға болған орынды сурет арқылы 3D форматта көрсету жобасы. «Жас сарбаз» мектеп- интернаты оқушыларының жұмысына министр оң баға берді. Олармен пікірлесіп, отан сүйгіш ұландардың тәрбиесі үшін лицей-интернат қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Ведомство жасөспірімдерге де, мектеп-интернат кітапханасына да қазақстандық полиция туралы кітап табыстады. Бұл тәртіп сақшысы болғысы келетін оқушылар үшін бағыт-бағдар болмақ. Жыл сайын «Жас Сарбаз» мектебінде ішкі істер саласын таңдайтындар қатары артып келеді. 

Ішкі істер министрімен кездесуден соң 16 жас сарбаз полицейлердің жұмысымен танысты. Жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау операторларының жұмысын көрді. Тергеушілермен кездесіп, тергеу департаментінің қылмыстық істер мұрағатына барды. Жедел-криминалистикалық департамент қызметкерлері баллистика бойынша практикалық сабақтар өткізді.

Елордаға арнайы келген павлодарлық оқушылар ІІМ мұражайында да болды. Онда қазақстандық полицияның қалыптасу тарихы туралы мол мағлұмат алып, жәдігерлермен танысты.

Айта кетейік, Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» мектеп-лицей интернатында 120 бала білім алады. Әскери салаға мамандандырылған мекеме міндеті – патриоттық рухы биік ұрпақ тәрбиесі.

EL.KZ
Бөлісу: