Министр жас құтқарушыны ТЖМ медалімен марапаттады

7 Желтоқсан 2022, 13:42 1729

Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді

ТЖ министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Атырау облысында баланы суда құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, ерлігі және жанқиярлығы үшін жас құтқарушы Дінмұхаммед Жаңбырбай «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» Қазақстан Республикасы ТЖМ медалімен наградталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Министр Дінмұхаммедке батырлық іс-әрекеті үшін, оның ата-анасына айналасындағыларға көмекке келуге дайын тұратын баланы тәрбилегені үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге, Юрий Ильин қысқы мерзімде де, жазғы мерзімде де судағы қауіпсіздікті сақтаудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

Сондай-ақ қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес берді.   Осыған байланысты, Атырау облысы ТЖД, сондай-ақ басқа өңірлерге қысқы мерзімде қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру үшін білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасауды күшейту туралы тапсырма берді. Дінмұхаммедке ведомстволық награданы Атырау облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Жаңабай табыс етті. Оқиға 2022 жылғы 3 желтоқсан күні Атырау қаласындағы Жайық өзенінің жағасында болған.

Дінмұхаммед 2008, 2013 жылы туған достарымен жексенбі күні түстен кейін мұз үстінде ойнап жүрді. 2008 және 2013 жылғы балалардың аяқтарының астындағы әлсіз мұз кенеттен жарылып, балалар су астына кетті. Шетте тұрған 8 жасар Дінмұхаммед су астына кеткенін көріп, ойланбастан өз өмірін қатерге тігіп, көмекке келеді. Дінмұхаммед өзі әлсіз мұздың үстінде тұрғанына қарамастан, достарының бірін судан алып шықты.

Дінмұхаммедтің жылдам әрекетінің арқасында судағы қайғылы жағдайға жол берілген жоқ, бала құтқарылды. Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Атырау облысында тағы бір оқиға болды. Онда ер адам немересімен серуендеп жүрген кезде Жайық өзеніндегі мұздың астына кетті. Оқиға куәгерлері батып кеткен ер адамның 2012 жылы туған немересін  құтқарып, облыстық балалар ауруханасына жеткізді.

EL.KZ
Бөлісу: