Министр Қостанайда фельдшерге жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді

Бүгiн, 10:09 190

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанайдағы жедел жәрдем бригадасының фельдшерлеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, жақында ғана шақыртуға барған шұғыл қызметтің жас қызметкері Анель Баймурзинаның өзі ұрып-соғу салдарынан алған көптеген жарақатымен стационарға жеткізілген.

Анель Баймурзинаның отбасына жеке қолдауымды білдіре отырып, оған тезірек сауығып кетуін тілеймін және бұл жағдайды назардан тыс қалдырмайтынымызды хабарлаймын.

Шұғыл қызметтегі медицина қызметкерлері өз жұмыстарын қауіпті және жоғары жүктеме жағдайында орындайды. Олар күнде адам өмірін сақтай отырып, аса күрделі де қауіпті жағдайларда көмек көрсетеді, - деді ведомство басшысы.

Ақмарал Әлназарованың сөзінше, 2019-2023 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстанда қызметтік міндеттерін атқару кезінде 158 медицина қызметкері зардап шекті. Оның ішінде 2022 жылы — 46, 2023 жылы — 80, ал 2024 жылы 9 шабуыл тіркелді.

Осыған байланысты депутаттардың қолдауымен біз медицина қызметкерлерінің қызметтік борышын орындауы барысында оларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуге бастамашылық жасадық. Мұндай қылмыстар еркіндікті шектеуге және бүкіл қоғамның айыптауына дейінгі әділ жаза алуы тиіс.

Осылайша, біз нақты дабыл қағуымыз керек: медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылыққа жол берілмейді және жазаланатын болады, - деді министр.

Сонымен қатар ол өз өмірін қатерге тіге отырып өзгенің өмірін арашалауға көмектесетін сала қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Дәрігерлер мен мейіргерлер — бұл сіздің денсаулығыңызға күнделікті қамқорлық жасайтын, уақытпен, жеке өмірімен және қиын жағдайлармен санаспай, көмекке келетін адамдар.

Өткен жылды қорытындылай келе, Денсаулық сақтау министрлігі өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың өмірін сақтап қалатын медицинадағы батырларымыздың қайсарлығы мен батылдығын атап өтуді жоспарлап отыр.

Олардың өз мамандығына деген адалдығы қоғамда танылып, бәрімізге үлгі болуы тиіс, - деді Әлназарова.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: