Министр Қарашөкеев тері мен жүн өңдеу проблемасы қалай шешіліп жатқанын айтты

16 Маусым 2023, 11:44 1127

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің ең проблемалы салаларының бірі - тері мен жүнді өңдеу. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тері өңдеу саласындағы мәселелердің қалай шешіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің дерегінше, қазіргі таңда тері өңдеу саласында 9 кәсіпорын жұмыс істейді. 2022 жылы ірі қара мал терісінің өндірісі 3,4 млн. дананы құрады оның шамамен 14% (462 мың дана) өңделді, 5,2% (179,5 мың дана) – экспортталды, 81% (2,8 млн. дана) - өңделмеген қалдық.

Ұсақ мал терісі бойынша 7,9 миллион дана өндірілді. Сұраныстың болмауына байланысты ұсақ малдың терісін өңдеу және экспорттау іске асырылған жоқ.

Былғары шикізатының экспортын тежеуші фактор 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баж болды. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес үшін экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді, - деді Ербол Қарашөкеев.

Оған қоса, инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі жаңа қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын  өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі.

Шикізат өңдеудің дамымау себебінің бірі оның жеке шаруа қожалықтарында, шағын шаруа қожалықтарында және фермерлік қожалықтарда өндірілген сапасының төмендігі, және отандық кәсіпорындардың да, экспорттаушылардың да  талаптарына сәйкес келмеуі. Бұл мәселенің шешімі терінің сапасы маңызды болмайтын өндірістерді дамыту, мысалы желатин немесе азықтық қоспаларды өндіру, - деді министр.

Осыған байланысты қазіргі уақытта республика бойынша мынадай жобаларды іске асыру жоспарлануда: жалпы қуаты 12 мың тонналық ірі қара малдың терісін өңдеп желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба; 22 мың тонна көлемінде азықтық қоспаларды өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін 1 жоба.

Алдын ала есептеулер бойынша аталған жобаларды іске асыру ірі қара малдың өңделген терісінің үлесін 85%-ға дейін (462 мыңнан 3 ммллион данаға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ұсақ мал терісін өңдеу үшін «Қазақинвестпен» бірлесіп малға азықтық қоспаларды дайындау жобаларына инвесторлар қарастырылуда. Жүн өңдеудегі проблемалар тері өңдеу проблемаларына ұқсас - шикізат сапасының төмендігі, - деп толықтырды ведомство басшысы.

Елімізде жыл сайын 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі, оның тек 33% немесе 13,3 мың тоннасын өңдеуге пайдалануға болады. Жүннің 67%-ы қылшық және жартылай қылшықты жүн, ол іс жүзінде өңделмейді және тоқыма өнеркәсібінде сұранысы жоқ. Киіз және киізден жасалған аяқ киім фабрикалары аз ғана бөлігін өңдейді.

Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі жүнді экспорттауға кедендік баждарды алып тастауға бастамашылық жасады. Жүн өңдеу үлесінің төмен болу мәселесінің шешімі қылшықты және жартылай қылшықты жүнді өңдейтін кәсіпорындар құру болып табылады, - деді министр.

Мәселен Ақтөбе облысында қуаттылығы жылына
2,1 мың тонналық қылшықты жүнді өңдейтін «ҚАЗФИЛТЕК» ЖШС инвестициялық жобасын іске қосу жоспарлануда, ол жылу оқшаулағыш материалдарды дайындау үшін пайдаланатын болады. Жобаны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау қағидаларына инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеу үлесі бар жүнді өңдеу жөніндегі паспорт енгізілген.

Сондай-ақ біздің тапсырмамыз бойынша Батыс Қазақстан аграрлық университетінің ғалымдары жылыжайлар үшін гидропоника ретінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнді пайдалану технологиясын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізуде. Зерттеудің қорытындысы бойынша технологияларды өнеркәсіптік өндіріске беру жоспарлануда, - деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.

Нәтижесінде қылшықты және жартылай қылшықты жүнге ішкі нарықта сұранысты тудыруға және дайын өнім түрінде экспортқа шығару мүмкіндігі жоспарлануда.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: