Министр ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күнімен құттықтады

11 Ақпан, 12:20 878

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күнімен құттықтады, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желіде жазба жариялаған министр ғылымға қызығатын қыздар үшін үлгі алатын тұлғалардың болуы маңызды екенін атады. 

11 ақпан – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Бұл күн әйелдер мен қыздарымыздың ғылым мен техника саласындағы мүмкіндіктерін дамытуға қолдау көрсетудің маңызын еске салады. Ғылымға қызығатын қыздар үшін үлгі алатын тұлғалардың болуы маңызды. Жақында биолог, белгілі ғалым Күнсұлу Закарья вакцинация саласының дамуына үлес қосқан әйелдердің әлемдік рейтингіне енді. Оның жетекшілігімен бір топ ғалым 2020 жылы отандық «QazVac» вакцинасын әзірледі. Одан бөлек еліміздегі Ғылым академиясы тарихындағы тұңғыш әйел президент, биология ғылымдарының докторы - Нағима Айтхожина, Орталық Азиядағы геология ғылымдарының докторы болған тұңғыш әйел Патшайым Тәжібаева сияқты тұлғалармен біз ерекше мақтанамыз. Жалпы бүгінде қазақстандық ғылым жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Мемлекет басшысы бұл бағыттың маңыздылығына ерекше мән беруде. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар айтарлықтай нәтиже көрсететін ғалымдардың жаңа қауымдастығының қалыптасуына ықпал етті", - деп жазды А.Балаева. 

Сондай-ақ, ол отандық ғылым саласында он мыңнан астам әйелдер қауымы жемісті еңбек етіп жүргенін атады. 

Дегенімен бүл күндері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысатын әйелдердің үлесі шамамен 54% құрайды, бұл - 10 мыңнан астам адам. Алайда олардың есімдері мен жетістіктерінен көпшілігі бейхабар. Сондықтан осы жазбам арқылы баршаңызды ғылымдағы әйелдерді қолдауға және олардың есімдері мен жетістіктерін көбірек насихаттауға шақырамын, - деді министр.
Жансая Әділбек
Бөлісу: