Министр БҚО-дағы жағдай үшін кешірім сұрады

11 Желтоқсан 2023, 05:28 822

Оралда мектеп оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын баланы дәретханада ұрып, видеоға түсіріп, желіге жариялап жіберген. Оқу-ағарту министрі бұл істі ерекше бақылауына алды, деп хабарлады EL.kz ақпарат агенттігі Халық үніне сілтеме жасап.

Оқиға 13 қарашада сағат 7:50-де №38 орта мектептің спорт залындағы дәретханада болған. Жәбірленуші оқушының ата-анасының айтуынша, олардың ұлы бұған дейін буллингке қатысты ештеңе айтпаған. Алайда оны ұрған бала видеоны желіге жариялап жібергеннен кейін ұлдары бәрін айтқан. Ата-ана алаңдап, дабыл қаға бастаған. Олардың айтуынша, ұлдарына құрдастары қоқан-лоққы көрсетіп жүрген, дәлел ретінде жазған хаттарын көрсеткен.

Өңірдің білім басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, 9-сынып оқушысы 8-сынып оқушысын қудалаған. Үшінші оқушы бәрін видеоға түсіріп тұрған. Жәбірленуші баланың ата-анасы мектеп әкімшілігінен бұл іске араласып, шара қолдануын сұраған. Бала мен оның ата-анасына түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Бұл дерекке қатысты БҚО полиция департаментінің өкілдері де пікір білдірді. Олардың мәліметінше, 9-сынып оқушысының ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оқушылардың арасында болған жайтты видеоға түсірген баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Жәбірленуші баланың ата-анасы баланың психологиялық жағдайына алаңдап отыр. Осы жайттан кейін оқушы тұйық болып қалған.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев агрессивті жасөспірімдер мектепте және полиция есебінде болуы керек екенін атап өтті.

Маған көрсеткен хабарламаларда нақты қауіптер бар. Бұл – қылмыстық құқықбұзушылық. Егер ата-аналар балаларын тәрбиелеумен айналыспаса, онда оларды девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған арнайы мекемелерде анықтау керек. Одан бөлек, айыппұл да бар. Мұны ата-аналарға түсіндіру керек. Балалардың басынан бірде-бір шаш түспеуі қажет. Мұны әр мұғалім мен әр директор есте ұстауға тиіс. Кімде-кім онымен келіспесе, онда олар мектепте жұмыс істемеуі керек. Баланың анасына ауыр тиді. Міндетсініп, оның алдында тек кешірім сұрау жеткіліксіз, - деді министр.

Сондай-ақ Бейсембаев бұл жағдай өзінің жеке бақылауында болатынын айтты. Екі аптадан кейін ол баланың отбасына қоңырау шалып, істің қаншалықты алға жылжығанын білуге уәде берді. Қажет болса, Оралға тағы да баратынын айтты.

Мен әріптестерім үшін, мектеп директоры үшін, мұғалімдер үшін, басқарма мен білім бөлімінің басшылығы үшін кешірім сұраймын, - деді министр.

Берік Арманов
Бөлісу: