Министр: Біздің міндет – жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасау

6 Қазан 2022, 01:00 1324

Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында өңір активімен кездесу өткізді, деп хабарлайды EL.KZ.

Еңбекминнің ақпаратына қарағанда министр Отбасының цифрлық картасын енгізудің оң әсері туралы айтып, азаматтарды жұмысқа орналастыру және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Іс-шараға өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, облыс аудандарының әкімдері қатысты.  

Министр кездесуге қатысушыларды Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Цифрлық картада 6 млн отбасы және олардың 19 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған, ал Ұлытау облысы бойынша 74,2 мыңнан астам отбасы бар. Бұл ретте біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады, – деді Тамара Дүйсенова.

Бұл ретте уақтылы көрсетілмеген мемлекеттік қызметтердің мысалы ретінде Министр Ұлытау облысында асыраушысынан айырылуына байланысты төлем тағайындауға жүгінбеген және тиісті мемлекеттік көмек алмаған отбасы туралы айтты.

Өңір тұрғындарына 178 SMS-хабарлама жіберілді, оның ішінде 51 төлем тағайындалды, 117 SMS-хабарламаға жауап қайтарылмаған, 10-ы жұмыста.

Министрлік басшысы қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы аясында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 5 түрі бойынша проактивті форматта қызмет көрсететінін айтып өтті. 2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. 2025 жылға қарай Цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.

Министр сонымен қатар жергілікті биліктің назарын халықты жұмыспен қамтуға аударды. Тамара Дүйсенова осы жылдың 9 айында Ұлытау облысында 6 936 адам жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы бос орындарға – 4 126 адам орналастырылғанын, белсенді жұмыспен қамту шараларымен – 2 210 адам қамтылғанын, ұлттық жобалар шеңберінде – 600 адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті.

Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу тәртібіне сәйкес азаматтарды жұмысқа орналастыру олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарымен расталатынына назар аударғым келеді. Өңірде бұл көрсеткіш 64%-ды құрайды. Облыстық деңгейдегі ең төменгі көрсеткіш Жаңаарқа ауданында – 58%, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ол сондай-ақ Ұлытау облысының өңірлік картасында көзделген 1 137 тұрақты жұмыс орнының 9 айда тек 378 (33%) ғана ашылғанын, ал Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданында бұл көрсеткіш өте төмен екенін айтты.

Электрондық еңбек биржасына енгізілген ұлттық жобалар шеңберінде жарияланған жұмыс орындарын талдау нәтижелері Ұлытау облысы бойынша 894 орын ұсынылғанын көрсетті. Бұл ретте тек 156 адам жұмысқа орналастырылды, – деді Тамара Дүйсенова.

Министр өңірде Электрондық еңбек биржасында орналастырылған жалақысы жақсы бос жұмыс орындары жеткілікті екенін атап өтті.

Біздің міндетіміз – жұмыссыз азаматтарға жұмысқа орналасуға барынша қолдау көрсету екенін ұмытпаған жөн. Осы бағыттағы жұмысты жандандыруды сұраймын, – деді Еңбек министрі.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдерімен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту, балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін талқылады.

Бүгінгі таңда республика бойынша 50-60 жас аралығындағы 325 мыңға жуық әйелдің, оның ішінде Ұлытау облысында 4,3 мың әйелдің табысы жоқ. Еңбек өтілі жоқ және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған олар болашақта жұмыс істейтін әйелдерге қарағанда аз мөлшерде зейнетақы алады. Зейнеткерлік жасқа жақындаған және табыс көзі жоқ әйелдердің жағдайын түзету және табысын арттыру үшін Мемлекет тарапынан қосымша қолдау шаралары пысықталуда. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар әйелдердің осы санатын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет, – деп атап көрсетті ведомство басшысы.

EL.KZ
Бөлісу: