Министр әйелдерді жұмыспен қамту туралы баяндады

13 Қазан 2023, 06:36 777

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Digital Bridge 2023 халықаралық форумы аясында өткен «Цифрлық экономика: әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстелде мемлекеттік қолдау шаралары, әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту және Қазақстанда Отбасының цифрлық картасын іс жүзінде қолдану туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ЕХӘҚМ басшысы өз сөзінде Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдықтарының бірі халықтың барлық санаттарын, оның ішінде әйелдерді жұмыспен қамту мәселесін атап өтті.

«Қазақстанның еңбек нарығында әйелдердің, отбасының және гендерлік теңдіктің мүдделерін ілгерілету мәселелері айтарлықтай жетістіктерге жетті. 2022 жылғы деректерге сәйкес гендерлік алшақтық индексі бойынша елдердің халықаралық рейтингінде Қазақстан 146 ел арасында 80-нен 65-орынға көтерілді. Бұл ретте ең үлкен жетістік – білімге қол жеткізу теңдігі (27 орын) және экономикалық белсенділік критерийлері мен әйелдер үшін мүмкіндіктер (29 орын)», – деді Светлана Жақыпова.

Статистика мәліметтерге сәйкес бүгінде елімізде жұмыс күші құрамында 4,6 млн әйел кісі еңбек етсе, оның 4,4 млн-ы (95%) экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейді. Ал жұмыспен қамтылған әйелдердің 64%-ы қалаларда тұрады. Электрондық еңбек шарттары бойынша талдау көрсеткендей, басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 41%-ды құрап отыр.

«Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасының (бұдан әрі – ОЦК) мүмкіндіктерін кеңінен қолданудамыз, оның деректері бойынша 2,8 млн әйел ресми түрде жұмыс істейді. Олар үшін міндетті зейнетақы жарналары аударылуда. Сонымен қатар, 1 млн-нан астам әйел ауылдық жерлерде тұрады.

Ақпараттық технологиялар саласында 46,5 мыңға жуық әйел азаматы жұмыс істейді, оның 39 мыңы – қала тұрғындары. Олардың компаниялардағы қызметтеріне қатысты: 11% – басшылар; 30% – мамандар; 59% – техниктер мен көмекші персонал», – деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтылмаған, зейнетақы аударымдары жоқ, оқу орнында оқып жатпаған және декреттік демалысқа шықпаған әйелдер бойынша талдау жұмыстары жүргізілді.

«Осы санаттағы 1 млн 295 мың әйелді анықтадық. Біз өңірлердегі жағдайдан хабардармыз және ОЦК мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қажетті ақпаратты SMS арқылы жолдап, нақты қолдау шараларын ұсынамыз. Бұл жұмыс жүзеге асырылуда. Оның нәтижесінде 8,2 мың қазақстандық жастарды жұмысқа орналастырдық», – деді ЕХӘҚМ басшысы.  

Министр халықты жұмыспен қамтудың қолданыстағы тетіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бірінші бағыт – Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналастыру. 2022 жылдан бастап қазірге дейін осы платформада 100 мыңнан астам әйел адам жұмыс тапты.

Екінші бағыт – субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру. Бұл әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы және т.б. жалпы осы шараларды іске асыруға шамамен 135 млрд теңге бөлінді. Биыл 109 мың әйел жұмысқа орналастырылды.

Үшінші бағыт – еңбек нарығында өзекті кәсіптік дағдыларды игеру: Skills.enbek.kz порталында онлайн оқыту (осы жылы 32 мың әйел), жұмысшы мамандықтары бойынша классикалық офлайн оқыту (7 мың).

«50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамту маңызды мәселе. Халықтың осы санатын жұмысқа орналастыру үшін біз жалақының бір бөлігін субсидиялау арқылы «Күміс жас» жобасын іске асырудамыз. Биыл 14,3 мың адамға 9,5 млрд теңге бөлінді», – деді Светлана Жақыпова.

Бұдан басқа халықты жұмыспен қамту бойынша қазақстандықтардың бизнес-бастамаларын іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Мәселен, 2022 жылы кәсіпкерлік негіздерін онлайн оқытуға арналған портал іске қосылды. Курс өз ісін «нөлден» бастау үшін барлық қажетті білімді қамтиды. Тек осы жылы 79 мың әйел оқудан өтті.

Оқуды аяқтағаннан кейін 5,6 мыңнан астам әйел азаматтарына грант пен жеңілдетілген микрокредиттер берілді.

«1 қазандағы жағдай бойынша 3415 әйел 1,3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды. Олардың 68%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтарды және керек-жарақтарды сатып алды, ал 29%-ы төрт түлік мал сатып алып, мал шаруашылығымен айналысуда. 35 жасқа дейінгі 2206 әйел жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредит алды.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. 2024 жылы оқыту бағдарламасын өзектендіруді жоспарлап отырмыз және оның аясында әйелдер кәсіпкерлігі модулін пысықтайтын боламыз», – деп түйіндеді Светлана Жақыпова.

Digital Bridge – Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум, ол 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде Мемлекет басшысының, сондай-ақ әлемдік компаниялардың көшбасшыларының, IT-инновациялар саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен өтетіндігін естеріңізге саламыз.

Берік Арманов
Бөлісу: