Министр әлем чемпионатында үздік атанған балуандарды марапаттады

7 Қараша, 16:23 674

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада жуырда ғана Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесіп, балуандарды марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, іс-шараға Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, еркін күрестен ересектер арасындағы жеңімпазы Нұрқожа Қайпанов (70 кг), еркін күрестен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (97 кг), грек-рим күресінен күміс жүлдегер Ержет Жарлықасын (63 кг), әйелдер күресінен күміс медаль иегері Жәмила Бақбергенова (72 кг) және жаттықтырушылар құрамы қатысты.

Министр кейінгі жылдары күрес түрлерінен ұлттық құрама палуандары тәуір нәтиже көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, жақында 23 жасқа дейінгі жастар және ересектер арасындағы олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатында ерекше нәтиже тіркелді.

Жерлестеріміз байрақты бәсекеде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 2 алтын және 2 күміс медаль иеленді.

Албаниядағы әлем чемпионатында біздің палуандар өздерінің шеберлігін, табандылығынәлемге паш етті. Бұл жеңіс тек сіздерге ғана емес, тұтас елге үлкен шабыт сыйлайды. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі-өнеге, оларға биік мақсаттарға жетуге серпін беретін нағыз патриоттық тәрбиенің үлгісі. Маңызды жеңістердің бірі ретінде Нұрқожа Қайпановтың алтын медалін ерекше атап өту керек. Сондай-ақ күміс медальға қол жеткізген Ержет Жарлықасын мен Жәмила Бақбергенова да мықты спортшы екенін дәлелдеді. Ризабек Айтмұханды айырықша атап өткім келеді. Ол бір жылда екі жас санатындағы әлем чемпионатында топ жарып, өз салмағында рекорд орнатты. Бұл оның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада сәтті өнер көрсетуіне жол ашады деп сенемін, - деді Ербол Мырзабосынов.

Жиын соңында ведомство басшысы Ризабек Айтмұхан мен Ержет Жарлықасынға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері атағын табыстап, спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хатпен марапаттады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: