Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин алаяқтар қоңырау шалған кезде қалай жауап беретінін айтты, деп хабарлайды El.kz.
«Маған да алаяқтар қоңырау шалып тұрады. Мен оларға қазақ тілінде жауап берген кезде олар тұтқаны қоя салады», - деді министр.
Бағдат Мусин алаяқтардың нөмірлерін бұғаттау үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты
«Телеком-опереторлармен бірлесіп алаяқтардың ауыстырып алып қолданып жүрген нөмірлерін бұғаттау үшін жұмыс жүргізудеміз. Қоңыраулар негізінен шетелден келеді. Бірақ оны адамдар қарапайым қоңырау ретінде көреді. Себебі алаяқтар хабарласу үшін шетелдегі біздің нөмірлерімізді қолданады. Бұл алаяқтықтың жаңа түрі. Кез келген алаяқтық заңсыз болып табылады. Сондықтан құқық қорғау органдары тиісті шаралар қабылдау үстінде. Бірақ роумингтен келетін қоңырауларды бұғаттау тұрғысынан біз байланыс операторларымен тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. Меморандумға қол қойылды, екі телефон операторларында белгілі бір технологияларды тестілеу жүргізілді. Олардың дайындығы жоғары деңгейде. Үшінші оператор сатып алу шараларын жүргізуде. Мұндай жекеменшік операторлардың жұмысына араласа алмаймыз. Олар тиісті шараларды қолданғаннан кейін барлығын біріктіріп, енгізетін боламыз», - деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ министр ұялы телефонды тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Телефон нөмірі бір қазақстандықтың атына тіркелетін болса, ол шетелге шығарылады. Сосын алаяқтар сол нөмірді қолданып, заңсыз әрекеттерді жасай бастайды. Мұның алдын алу үшін біз қазір нормативтік құжаттарға қажетті өзгерістер енгізудеміз. Egov, Kaspi, Halyk банкі де биометриялық сәйкестендіруді пайдаланылады. Біз де қазір жеке тұлғаның ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді пайдалануы үшін қажетті заңнамалық өзгерістерді енгіземіз. Осыдан кейін көптеген нөмірлерді сатып алып, өз атына тіркейтін адамдар саны азаяды деп ойлаймын. Егер қазақстандықтың тіркелген нөмірі арқылы алаяқтық әрекеттер байқалатын болса, тікелей өзі жауап беруге мәжбүр болады. Себебі ол нөмірді алмас бұрын биометриялық сәйкестендіруден өтіп, өзіне тиесілі екенін растайды», - деп пікір білдірді Бағдат Мусин.