Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке күнтізбедегі жай ғана дата емес. Отбасы – сүйіспеншіліктің, ізгілік пен мейірімнің, құрмет пен татулықтың ошағы, яғни кез келген қоғамның діңгегі. Балаларымыз отбасында тәрбиеленіп, ең басты құндылықтарды бойға сіңіріп, еліміздің болашағы қалыптасады. Отбасының береке-бірлігі мен дәстүрлі құндылықтарын нығайту – Мемлекет басшысы белгілеген мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, - деді министр.
Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, отбасы институтын нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында отбасын қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және отбасы құндылықтарын қорғау шаралары жүзеге асып келеді.
Соңғы 10 жылда Қазақстандағы отбасылар саны бір жарым миллионға өсіп, бүгінде 5,5 миллион отбасыға жетті. Бұл адамдардың тұрақтылық пен отбасылық қарым-қатынастарды көбірек бағалайтынын көрсетеді. Сондай-ақ соңғы 5 жылда ажырасудың 48,6%-ға азайғаны – қазақстандық отбасыларының нығайып келе жатқанының тағы бір көрсеткіші.
Биыл «Аналар күні» мен «Әкелер күнін» алғаш рет тойладық. Бұл мерекелер үлкен қолдау тауып, оған мыңдаған қазақстандық қатысты. Мұндай бастамалар ата-ана мен бала арасындағы байланысты арттырып, саналы тәрбие мен отбасындағы бос уақыт өткізу мәдениетін қалыптастыруға сеп болады. Отбасы – бәрімізді біріктіретін құндылық. Әр үйде махаббат пен ырыс-береке, бақыт орнап, балаларымыз құрметке, қамқорлыққа бөленіп өсуіне тілектеспін. Мереке құтты болсын, қымбатты достар! Әр шаңыраққа шаттық орнасын!, - деп жазды Балаева.