Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясында қыздарға арналған мектепке жасалған зымыран соққысы салдарынан қаза тапқан ондаған оқушы мен мұғалімді жерлеу рәсімі өтті. Жергілікті билік пен халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, шабуыл құрбандарының саны 160-тан асады.
Жаппай жерлеу рәсімі өтті
Al Jazeera мәліметіне сәйкес, жаппай жерлеу рәсімі 3 наурыз күні Хормозган провинциясының Минаб округінде өтті. Қаралы шараға жүздеген жергілікті тұрғын, марқұмдардың туыстары және өңір басшылығы қатысты.
Қаза тапқандар – Минабтағы «Шаджар Тайб» атты қыздар мектебінің оқушылары, мұғалімдері және мектеп қызметкерлері. Кей деректер бойынша, шабуыл салдарынан 165-тен астам адам көз жұмып, тағы ондаған адам жараланған.
Бұл соққы АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға алғашқы әуе шабуылдарын бастаған күні жасалғаны айтылып отыр.
The New York Times жүргізген талдау мектеп ғимаратының ауыр қирағанын көрсетті. Екі қабатты білім ордасының кемінде жартысы жарылыстан толықтай бүлінген.
Оқиға орнынан түсірілген видеолар мен фотосуреттерде құтқарушылар мен Иран Қызыл Жарты ай ұйымының қызметкерлері қирандыларды тексеріп жүргені көрінеді. Үйінді арасында қан мен күлге боялған мектеп сөмкелері, жыртылған дәптерлер мен оқулықтар жатыр.
Сыныптағы парталар мен тақталар қирандылар астында қалған. Қаза тапқандардың денелері арнайы қара қаптарға салынып, кейін мәйітханаларға жеткізілген.
Куәгерлердің айтуынша, соққы мектепте сабақ өтіп жатқан кезде жасалған.
Иран билігі мектепке жасалған шабуыл үшін АҚШ пен Израильді жауапты деп отыр.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желідегі парақшасында бұл оқиғаны «жазықсыз балаларға жасалған қылмыс» деп атады.
Бұл – америкалық-израильдік бомбалау салдарынан бастауыш мектепте қаза тапқан 160-тан астам жазықсыз қыз бала үшін қазылып жатқан қабірлер, – деп жазды министр.
Ол өз жазбасына қатар-қатар қазылып жатқан қабірлердің суреттерін де жариялаған.
Ал АҚШ билігі мектепке жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио журналистерге берген түсініктемесінде америкалық әскердің нысанасы тек әскери инфрақұрылым болғанын айтты.
Оның сөзінше, шабуылдардың мақсаты азаматтық нысандар емес, Иранның әскери объектілері болған.
Мектепке жасалған шабуыл халықаралық қауымдастықтың да алаңдаушылығын туғызды.
БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО білім беру мекемесіне жасалған соққыны қатаң айыптады.
Ұйым мәлімдемесінде мектептер мен білім беру нысандарына шабуыл жасау халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу екені айтылды.
ЮНЕСКО өкілдері балалардың қауіпсіз білім алу құқығы қорғалуы тиіс екенін атап өтті.
АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иран аумағындағы бірқатар нысандарға әуе соққыларын жасаған. Соның ішінде Тегеран мен басқа да қалаларда жарылыстар болғаны хабарланған.
Иран бұл әрекеттерге жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы беріп жатқанын мәлімдеді.
Аймақтағы әскери шиеленіс күшейіп, сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығыс ауқымы ұлғаюы мүмкін екенін айтып отыр.