01.04.2026
09:03
218

Миллиондаған қаралымның құпиясы: TikTok алгоритмі қалай жұмыс істейді

Бір видео мыңдаған, тіпті миллиондаған қаралым жинаса, екіншісі жүзге де жетпей жатады. Мұны көбіне сәттілікпен байланыстырамыз. Алайда TikTok-та бәрі алгоритмге байланысты. Сол алгоритмнің логикасын түсінсеңіз, қаралымды да, аудиторияны да өзіңіз басқара аласыз.

TikTok алгоритмі

TikTok видеоны бірден үлкен аудиторияға көрсетпейді. Алдымен оны шағын топқа ұсынады. Бұл – «сынақ кезеңі» деп аталады. Егер пайдаланушылар видеоны соңына дейін көрсе, лайк басса, пікір қалдырса немесе бөліссе, алгоритм оны келесі деңгейге шығарады.

Яғни TikTok үшін басты көрсеткіштер:
– видеоны соңына дейін көру;
– қайта қарау;
– пікір мен бөлісу;
– видеоның қанша уақыт қаралғаны маңызды.

Қарапайым тілмен айтқанда, қаралым саны емес, көрерменнің назарын қанша уақыт ұстай алғаныңыз маңызды.

Фотода TikTok эксперті Мехри Эргашева

TikTok-та лайктан гөрі видеоны соңына дейін қарау әлдеқайда маңызды. Алгоритм дәл осы көрсеткішке сүйенеді, – дейді TikTok эксперті Мехри Эргашева.

Алғашқы 3 секунд

TikTok-та ең қиын нәрсе – көрермен назарын аудару. Адам видеоны өткізіп жіберсе, алгоритм оны әлсіз контент деп қабылдайды.

Сондықтан алғашқы секундтарда:
– қызықты сұрақ қою;
– күтпеген факт айту;
– интрига жасау;
– немесе бірден эмоция беру өте маңызды.

Егер тақырып дұрыс қойылса, адамның екі секундта-ақ назарын аударуға болады. Ол қарапайым, түсінікті, ауызекі тілде айтылуы тиіс, – дейді Мехри Эргашева.

Неге тренд маңызды?

TikTok – трендке негізделген платформа. Мұнда жаңа формат пен идея өте жылдам таралады. Басты беттегі видеолардың өзі сізге қазір не өтімді екенін көрсетеді.

Бірақ трендті сол күйі көшіру жеткіліксіз.

Трендті қайталамай, оны өз стиліңізге бейімдеу керек. TikTok сіздің бағытыңызды түсінген кезде ғана дұрыс аудиторияға ұсынады, – дейді Мехри Эргашева.

Яғни трендті тек құрал ретінде пайдаланғаныңыз жөн. Бастысы өз ерекшелігіңізді көрсетіңіз. 

Қандай контент өтімді?

TikTok-та күрделі емес, түсінікті және эмоция беретін контент жақсы өтеді. Әсіресе:

– пайдалы кеңестер (лайфхактар);
– қарым-қатынас тақырыптары;
– күнделікті өмірден алынған ситуациялар;
– ақша, денсаулық, тұрмысқа қатысты мәселелер;
– қоғамдағы өзекті жаңалықтар.

TikTok эксперті Ұлбала Қайназарова мұны нақты үш бағытпен түсіндіріп берді.

Фотода TikTok эксперті Ұлбала Қайназарова

Видео не пайдалы, не қызықты, не өзекті болуы керек. Осы үшеуінің біріне сәйкес келмесе, қаралым жинау қиын, – деді ол. 

Оның айтуынша, контентті белгілі бір категорияға бағыттау да маңызды.

Ақша, денсаулық, қарым-қатынас, жұлдыздар тақырыбы – өтімді болып саналады. Мысалы, «1 айда қарыздан қалай құтылуға болады?» деген секілді видео тез тарайды, – деді сарапшы.  

Музыка мен дыбыстың рөлі

Көп жағдайда видеоның таралуына музыка әсер етеді.

Трендтегі әуенді қолдану арқылы видеоңыз алгоритмге «ілініп», үлкен аудиторияға ұсынылуы мүмкін. Кейде қарапайым роликтің өзі танымал музыкамен жақсы қаралым жинайды.  

Сондықтан трендтегі дыбыстарды бақылап отыруды ұмытпаңыз.

Қысқа видео түсірген дұрыс па, әлде ұзақ па?

Жаңадан бастаған авторлар үшін қысқа әрі нақты видеолар тиімді.

Танымал емес аккаунттардың ұзақ видеосын адамдар соңына дейін көре бермейді. Сондықтан бастапқыда қысқа роликтер жақсы өтеді. 30–40 секунд ішінде бір ғана ойды түсінікті жеткізсеңіз болды, – дейді Мехри Эргашева.

Тағы бір тиімді тәсіл – интрига. Яғни негізгі ақпаратты бірден емес, соңында айту. Бұл көрерменді видеоны толық көруге мәжбүрлейді.

Хэштег шынымен маңызды ма?

Көп адам хэштегке қатты мән береді. Бірақ бүгінгі TikTok-та оның рөлі бұрынғыдай маңызды емес.

Хэштег қазір қатты әсер етпейді. Оның орнына тренд пен музыка әлдеқайда маңызды, – дейді Мехри Эргашева.

Дегенмен видеоның мазмұнына сәйкес 3–5 хэштег қолдану артық етпейді. Бірақ негізгі нәтиже бәрібір контентке байланысты.

TikTok тұрақтылықты ұнатады

TikTok белсенді авторларды көбірек қолдайды.

Егер сіз:
– жиі видео жарияласаңыз;
– аудиториямен байланыс орнатсаңыз;
– комментарийге жауап берсеңіз алгоритм сіздің контентіңізді жиі ұсына бастайды.

@ulbala_tiktok автомонтаж просмотр көбейту рекке шығу грид create #autocut ♬ оригинальный звук - ҰЛБАЛА | Тикток КОУЧ

Күніне бірнеше видео жариялап, пікірлерге жауап беру – қаралымды арттырады, – дейді Ұлбала Қайназарова.

Ал керісінше, анда-санда ғана контент шығаратын аккаунттардың өсуі баяу болады.

Блогер болмай-ақ табыс табуға болады

TikTok-та мінсіз емес, шынайы контент өтімді.

Қарапайым, еш жасандылықсыз түсірілген видеолар жақсы таралады. Қиын монтаж жасау да, арнайы техника қолдану да міндетті емес, – дейді Ұлбала Қайназарова.

Бүгінде TikTok тек көңіл көтеру платформасы емес. Ол – аудитория жинап, табыс табуға болатын құрал.

TikTok – жай ғана қаралым емес, бұл клиент әкелетін платформа, – дейді Мехри Эргашева.

@mehri_ergasheva

Тик Ток алгаритм сабағына қатысу үшін ватсапқа жаз.

♬ оригинальный звук - ТИК ТОК ЭКСПЕРТ/ШЫМКЕНТ

Қазір:

– мамандар өз қызметін TikTok арқылы сатады;
– кәсіпкерлер өнімін жарнамасыз-ақ өткізе алады;
– блогер болу міндетті емес.

Ең бастысы – алгоритмді алдауға емес, аудиторияны түсінуге тырысу керек. Сол кезде TikTok сіздің видеоны өзі-ақ әлеуметтік желі пайдаланушыларына жеткізеді.