Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы қаржы игерудің тиімділігі мен ашықтығына ерекше назар аударды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кешенді тексерісі саладағы жемқорлық пен заңсыз әрекеттердің кең таралғанын көрсетті.
Жүргізілген тексерістердің нәтижесі қорқынышты: мемлекеттік қаражат миллиардтаған көлемде дұрыс игерілмей жатыр. Бұл – экономикалық өсім мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға айтарлықтай кедергі, – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, 2025 жылы денсаулық сақтау саласына мемлекет 7-8 триллион теңге бөлетін болады. Алайда бұл қаражаттың тиімді пайдаланыла бермеуі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын төмендетеді.
Барлық мемлекеттік шығыстар бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы керек. Заң бұзған, жемқорлыққа жол берген тұлғалар міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс, – деді президент.
Мемлекет басшысы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесінде болған заңсыздықтарды басшылықтың кәсібиліктің жоқтығы мен мемлекеттік мүддеге бейқамдықпен байланыстырады.
Бұл қордағы жағдай – кәсіби басқарудың жоқтығы мен мемлекеттік мүддені елемеудің салдары. Патриотизм мүлде есепке алынбаған, – деді президент.
Сонымен қатар президент алаяқтыққа қарсы күрес, медициналық қызметкерлердің әділетті еңбекақы алуы және азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.
Құқық қорғау органдары барлық заң бұзушыларды, алаяқтарды қатаң жауапқа тартуы тиіс. Денсаулық сақтау саласында қаражатты тиімді пайдалану – бұл тек экономикалық емес, халық өміріне тікелей байланысты мәселе, – деді мемлекет басшысы.
Президенттің сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек қана бюджет қаржысын қорғаумен шектелмейді. Бұл халықтың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық міндет болып табылады.
Мемлекеттік қаражат халықтың өмірін қорғауға бағытталуы тиіс. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының осы сөздері Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін реформалау, қаржыны ашық әрі тиімді пайдалану, сондай-ақ медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытындағы нақты қадамдарға серпін береді.