23.07.2025
16:37
1309
Миллиардерлерден сыйлық алып, арнайы күзетке ие болған мысық туралы не білеміз?

Миллиардерлерден сыйлық алып, арнайы күзетке ие болған мысық туралы не білеміз?

Индонезия президенті Прабово Субиантоның мысығы Боббиге ресми түрде мемлекеттік күзет берілуі ел ішінде де, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында да қызу талқыға түсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қоғамның пікірі екіге жарылған: бір тарап бұл қадамды орынды десе, енді бірі бюджет қаржысын босқа шашу деп бағалады. Даудың тұтануына себеп болған – Джакартада өткен «Мысық жанкүйерлері күні» фестивалінде түсірілген видео. Онда бұрынғы қаңғыбас мысық Бобби арбамен жүрген, ал оның қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қамтамасыз еткен. Бұл көрініс әлеуметтік желілерде тез таралып, жұртшылықтың назарын аударды.

Индонезия мемлекеттік хатшысының орынбасары Джури Ардианторо бұл әрекетті заң аясында қабылданған шешім деп түсіндірді.

Президенттің мүлкі – мемлекеттің жауапкершілігінде. Бобби – президенттің жеке меншігі, сондықтан оны қорғауға құқылымыз. Бұл наразылық туғызбауы керек, – деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Президент Прабово Субианто тоғыз жыл бұрын көшеде қаңғыбас болып жүрген мысықты тауып алып, асырап алған. Осы уақыттан бері Бобби президенттің жанындағы ең сенімді серігіне айналды және ел арасында ерекше танымалдылыққа ие болды. Қазіргі таңда оның әлеуметтік желідегі парақшаларына миллионнан астам жазылушы тіркелген. Тіпті шетелдік жоғары лауазымды тұлғалар да Боббиге ерекше ықылас танытып жүр. Мәселен, Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезе ресми сапары барысында мысыққа арнайы шарф сыйлаған. Ал Microsoft корпорациясының негізін қалаушы, мультимиллиардер Билл Гейтс Боббиге ойыншық тарту еткен.

Алайда сарапшылардың барлығы бұл шешімді қолдай бермейді. Саяси сарапшы Мейд Суприатма Tempo басылымына берген сұхбатында бұл әрекетті мемлекеттік ресурстарды «мүлдем орынсыз» пайдалану деп атады.

Мемлекет қаржысын мысыққа жұмсау – ақтауға келмейтін іс. Мысық – ұлттың анасы емес, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, мұндай әрекеттер елдегі билікке жеке табынушылық элементтерінің барын аңғартады:

Егер біз мысықтарды азамат ретінде қарастыра бастасақ... онда біз президент пен оның мысығына тең дәрежеде құрмет көрсетілетін жеке культ жүйесіне көштік деген сөз, – деп түйіндеді ол.

Боббидің оқиғасы – Индонезиядағы саяси символика мен қоғамның назарын аударатын медиамәдениеттің жарқын көрінісі ретінде бағаланып отыр. Бұл даудың елдегі саяси ахуал мен мемлекеттік қаржының қалай жұмсалып жатқанын қайта талқылауға түрткі болғаны анық.