Қазақ жастары бүгінде шетелдің беделді жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, ғылым мен инновация саласында жаңа белестерді бағындырып жүр. Небәрі 21 жастағы Ырысты Қызыхан Астана медицина университетін қызыл дипломмен тәмамдап, Италияның ең беделді Милан универсиетіне магистратураға оқуға түсті. Бүгінде өзі негізін қалаған «Yrysty Academy» мектебі бар.
El.kz интернет порталының тілшісі дарынды жасты сөзге тартып, әңгімелесті. Жастайынан ғылымға қызығып өскен ол, өз еңбегі мен табандылығының арқасында әлемдік деңгейдегі білім ордасына жолдама алды.
Ырысты Қызыхан халықаралық тәжірибені елге жеткізіп қана қоймай, өзінің Yrysty Academy онлайн мектебі арқылы жас түлектерге қолжетімді әрі сапалы білім беруді мақсат етеді. 2024 жылы Астана медицина университетін «Фармация» мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді.
Дариядай терең, бірақ нақты мақсатпен таңдалған мамандық – дәрі-дәрмек ғылымы мен оның адам өміріне әсерін зерттеу менің кәсіби жолымды анықтады. Менің анам Гүлмира Оразбекова Қызылорда облысына белгілі білікті дәрігер-терапевт. Бала күнімнен анамның адамдарды емдеп, бәріне қадірлі, сыйлы ақ халатты абзал жан болып жүргені мені ерекше тәнті ететін. Сол ықпалдың арқасында медицина жолын таңдадым. Дегенмен, менің жүрегім фармация саласына қарай бет бұрды, – дейді ол.
Айтуынша, өзі білім алған Астанадағы жоғары оқу орны тек сапалы медициналық білім беріп қана қоймай, кәсіпкерлік, шешендік және күйзелістік жағдайда қалай төзімділік танытуға болатын дағдыларды дамытуға мүмкіндік берген.
Өйткені мен екі жыл қатарынан Enactus халықаралық студенттік-кәсіпкерлік ұйымында вице-капитан қызметін атқарып, ғылыми әрі қоғамдық жобалар жасап, патент алып, инвестицияларды да жеңіп алдым, – дейді Ырысты.
Екінің бірі шетелдік беделді университеттің табалдырығын аттай алмайтыны белгілі. Бұл – қажырлы еңбектің, үздіксіз ізденістің және білімге деген құштарлықтың нәтижесі. Ырыстының жетістігі – қазақстандық жастардың да жаһандық ғылым кеңістігінде өзін көрсете алатынын айқын дәлелдейді.
Милан – ғылым мен өнер, инновация мен бизнес тоғысқан қала. Косметикалық ғылым саласында ол – еуропалық зерттеулер мен өндірістік тәжірибе алмасудың орталығы. Мен магистратураға түсу үшін академиялық көрсеткіштерімді нығайтып, мотивациялық хат жазып, талаптар мен емтихандарға дайындалдым. Миланнан алған білім Қазақстанға заманауи, жоғары стандартты тәжірибені әкелуге мүмкіндік береді, – дейді жас маман.
Астана медицина университетін қызыл дипломмен тәмамдаған ол бүгінде Милан университетінің магистранты. Ол тек үздік оқуымен ғана емес, сонымен қатар жан-жақты тәжірибесімен де ерекшеленеді.
Мен кішкентайымнан Еуропада тұрсам деп армандадым. Былтырғы жылы 10 ел, 14 қалаға бардым. Әр сапар маған жаңа әсер, жаңа ой сыйлады. Сол арқылы дүниетанымым кеңейіп, өмірге деген көзқарасым басқа қырынан ашылды, – дейді ол.
Оған шетелдік сапарлар мен білім алу мүмкіндігі тек кәсіби тұрғыда емес, тұлғалық жағынан да дамуға ғылымға жаңаша қарауға мүмкіндік ашқан.
Жас маман Қазақстандағы және Италиядағы оқу жүйесінің басты айырмашылығына тоқталды. Оның айтуынша, елімізде оқу негізінен теорияға, базалық білімге бағытталса, Италияда білім беру жүйесі практика мен зерттеуге көбірек мән береді.
Итальяндық оқу орнында студентті зерттеуге, эксперимент жүргізуге, нақты жобаларға тарту – басты әдіс. Бұл айырмашылық студентті «білу» кезеңінен «істеуге» тез көшіріп, кәсіби сенімділік береді, – деді Ырысыты Қызыхан.
Сондай-ақ ол жаңа ортаға бейімделу барысындағы алғашқы қиындықтарымен де бөлісті. Оның айтуынша, тілдік тосқауыл мен мәдени ерекшеліктерге үйрену оңай болмаған.
Алғашында тілдік тосқауыл мен мәдени ерекшеліктерге үйрену қиын болды. Жаңа қалада жалғыз қалу кейде салқын самалдай сезілді, бірақ дос табу, сыныптастармен жұмыс жасау, күнделікті әдеттерді қалыптастыру арқылы бұл тосқауыл жойылды. Уақыт өте келе сол шет жердегі өмір мені шыңдады. Тәуелсіз және икемділік сияқты қасиеттер пайда болды, – дейді.
Милан университетінде магистратурада білім алып жүрген Ырысты Қызыхан тек өз оқуымен шектелмей, қазақстандық жастар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ол негізін қалаған «Yrysty Academy» мектебі – шетелде білім алғысы келетін жастарға арналған заманауи білім беру жобасы.
Мектептің басты мақсаты – халықаралық оқу бағдарламаларына дайындық жасауға, тіл үйренуге және академиялық тұрғыда бағыт-бағдар беруге көмектесу. Сонымен қатар ол өзінің шетелдік тәжірибесін бөлісіп, жастарға гранттық бағдарламалар мен университеттерге түсу жолдары жөнінде кеңес береді.
«Yrysty Academy» – менің жүрегімнен шыққан бастама. Бұл – химия мен биологиядан ҰБТ-ға дайындық беретін онлайн мектеп, әр балаға сапалы, қарапайым тілмен, қызықты етіп білім беруді мақсат етеді. Біз логикаға, түсінуге және практикаға негізделген бағдарламалар құрып, әр оқушының күшті және әлсіз тұстарын анықтап, жеке қолдау көрсетеміз, – дейді ол.
Яғни, Ырысты Қызыхан негізін қалаған «Yrysty Academy» мектебінің басты миссиясы – сапалы білімді баршаға қолжетімді ету. Жоба қалада да, ауылда да білімге талпынып отырған әрбір жасқа тең мүмкіндік беруді көздейді.
ҰБТ-ны көпшілігі ұнатпағанымен, ол әрбір жасқа грантқа қол жеткізіп, армандаған оқу орнына түсуге үлкен мүмкіндік береді. Өзім Қызылорда облысынан шықсам да, бүгінде Миланда білім алып жатырмын. Сондықтан оқушыларыма барлығы мүмкін екенін, ең бастысы – табандылық пен еңбектену керектігін үйреткім келеді. Химия мен биологияны қарапайым да түсінікті тілмен жеткізуді мақсат етемін, – дейді Ырысты.
Алдағы уақытта мектеп тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, медицина және шетелдік білім саласына арналған арнайы курстар ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ кәсіби практика мен ғылыми жобаларды енгізу арқылы оқушылардың қабілетін дамыту көзделген. Ғылыми коллаборациялар мен халықаралық серіктестіктерді жолға қою – мектептің болашақтағы негізгі
Yrysty Academy-де оқушыларды онлайн форматта дайындауда заманауи әрі тиімді әдістер қолданылады.
Біз интерактивті сабақтарға, визуализацияға, тәжірибелік тапсырмаларға мән береміз. Апталық күндер арқылы нәтижені өлшейміз, әр оқушыға жеке куратор бекітіледі, қателіктерді талдауға уақыт бөлеміз. Қолжетімді әрі жүйелі кері байланыс — басты құралымыз. Сұрақтарға жылдам жауап, бейнематериалдар, практикалық мысалдар арқылы білімді бекітуге тырысамыз, – дейді Ырысты Қызыхан.
Оның жетістіктері – оның үздіксіз еңбегі мен табандылығының нәтижесі. Қызылорда облысының қарапайым ауылынан шыққан ол, бала күнінен үлкен арман құрып, оны жүзеге асыру жолында талмай ізденді. Астана медицина университетін қызыл дипломмен тәмамдауы – білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығының айқын дәлелі.
Жеке тұлға ретінде Ырысты саяхат пен жаңа тәжірибенің үлкен рөл ойнағанын айтады. Бір жылдың ішінде 10 ел, 14 қалаға сапар шегуі оған тек әсерлі естеліктер ғана емес, жаңа ой мен тың идеялар сыйлаған. Әр елдің мәдениеті мен дәстүрімен танысу дүниетанымын кеңейтіп, оны шыдамды, батыл әрі креативті болуға үйреткен.
Әр сапар – мен үшін жаңа көрініс, жаңа идея. Әр қаланың өз даусы, өз дәстүрі бар. Солармен танысу менің ой-өрісімді кеңейтіп, кәсіби және адамгершілік тұрғыдан байытты. Қай елде болмаса да медицина мен білімге деген көзқарастың әртүрлілігі шабыт береді. Бұл тәжірибе шығармашылық ойлауды, батылдықты және шыдамдылықты өсірді. Мен үшін саяхат – тек Instagram-ға сурет салу емес. Барған жеріңнің тұрмыс-тіршілігін, тарихын, мәдениетін танып, адамдардың ой-өрісін сезіну. Сол жақтың жақсысын бойыңа сіңіріп, өзіңді рухани байыта білу, – дейді ол.
Алдағы уақытта медициналық білім беру мен космецевтика саласында жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Оның айтуынша, басты мақсат – табиғи ресурстарды пайдалана отырып, қауіпсіз әрі тиімді косметикалық өнімдер жасау.
Мен табиғи ресурстарымызды пайдаланып, қауіпсіз әрі тиімді косметикалық өнімдер жасау жобаларын қолға алғым келеді. Сонымен қатар, фармацевтикалық және космецевтикалық білімнің тоғысуы арқылы практикалық бағыттағы оқыту бағдарламаларын құру – басты мақсат. Ғылыми зерттеулер мен өндірісті біріктіріп, сапалы, локальды өнімді халықаралық нарыққа шығаруға ниеттімін, – деді.
Сондай-ақ жас дарын болашақта Қазақстанға оралып, елге қызмет еткісі келеді. Оның айтуынша, қай жерде жүрсе де негізгі мақсаты – туған еліне пайда әкелу.
Қайда жүрсем де мақсатым – Қазақстанға пайда әкелу. Халықаралық аренадан тәжірибе жинап, білім мен технологияны елге жеткізгім келеді. Сондықтан уақытша шетелде жүрсем де, елімнің дамуына үлес қосуға ұмтыламын. Түпкі жоспарым – Қазақстанда білім мен ғылыми жобаларды дамыту. Соның айқын көріністерінің бірі – Yrysty Academy білім орталығым, – дейді.
Ырысты Қызыханның пікірінше, Қазақстандағы медициналық білім беру жүйесінде бірқатар өзгерістер қажет. Ең алдымен, студенттерге ертерек клиникалық тәжірибе беріліп, теория мен практиканың арақатынасы тең болуы тиіс. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарын қолдауды күшейтіп, халықаралық коллаборацияларды кеңейту маңызды.
Оқыту әдістемелеріне жаңа технологияларды енгізіп, студенттердің тәуелсіз ойлауын және зерттеушілік қабілетін дамыту қажет, – дейді ол.
Ол жас дәрігерлердің халықаралық деңгейде мойындалуына бірқатар кедергілер барын айтады. Сөзінше, ең алдымен ағылшын тілінің деңгейі жеткіліксіз, ғылыми зерттеу тәжірибесі аз, сондай-ақ халықаралық желілерге қосылу мүмкіндігі шектеулі.
Жас мамандарға халықаралық тәжірибеден өту, мақалалар жариялау және конференцияларда сөйлеу мүмкіндігін көбейту қажет. Сонда олар өздерін әлемдік аренада сенімді таныта алады, – дейді Ырысты.
Италиядағы оқу тәжірибесі Ырысты Қызыханды жаңа деңгейге көтерді. Ол тек теориялық білімін тереңдетіп қана қоймай, ғылыми жобаларға қатысу, зерттеу жүргізу арқылы халықаралық деңгейдегі маман ретінде қалыптасты. Бұл тәжірибе оған кәсіби сенімділік пен әлемдік ғылым кеңістігінде бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігін берді.
Ол алдағы болашақта өзін жаңа қырынан танытатын бірнеше жобаны қолға алуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, басты бағыттардың бірі – фармация мен космецевтиканы ұштастыратын ғылыми-өндірістік бастамалар.
Жаңа зерттеу әдістері, өндірістік стандарттар мен сапа көзқарасын меңгердім. Бұл тәжірибе маған Қазақстанда фармацевтикалық және космецевтикалық жобаларды іске асыруға, сонымен бірге академиялық деңгейде де еңбек етуге мүмкіндік береді. Болашақта мен халықаралық тәжірибе мен жергілікті практиканы ұштастырып, сапалы өнім мен білімнің дамуына үлес қосқым келеді. Әрине, шетелде алып жатқан білімімді оқушыларыма үйретіп жүрмін, – дейді.
Сонымен қатар, Yrysty Academy кеңейтіліп, кәсіби бағыттағы курстар ашылып, зертханалық тәжірибеге негізделген білім беру форматтары енгізілмек.
Жас ғалым локалды ингредиенттерді пайдалана отырып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие косметикалық өнім дайындауды да үлкен жоба ретінде қарастырады. Бұған қоса, ол өз жолын YouTube арнасы мен Instagram парақшасында бөлісіп, болашақта кітап жазып, медициналық журналистика саласында да өзін сынап көргісі келеді.
Ырысты Қызыхан қазіргі жас түлектерге, әсіресе медицинаға қызығып жүрген жастарға өз кеңесін айтты.
Біріншіден, адал ниет пен шыдамды еңбек – ең үлкен капитал. Екіншіден, ағылшын тілін жетік меңгеруге талпынысың ол халықаралық мүмкіндіктерге жол ашады. Үшіншіден, теориямен бірге практикаға басымдық берсін. Зерттеу жасаудан қорықпаңыз, конференцияға, жобаларға қатысыңыз және ең бастысы – өзіңізді үнемі дамыту, сұрақ қоюдан және қателіктен қорықпау керек, – дейді ол.
Шетелдегі оқу тәжірибесі мен жаңа ортаға бейімделу кезеңіндегі қиындықтар да Ырыстыны шыңдай түсті. Тілдік тосқауыл мен мәдени ерекшеліктерге үйрену барысында ол төзімділік пен өз-өзіне сенімділікті қалыптастырды. Ал Милан университетіндегі зерттеу мен практикалық жұмысқа бағытталған білім беру жүйесі оны халықаралық деңгейде ойлайтын жас маманға айналдырды.
Бүгінде Ырысты тек өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін де еңбек етуде. Ол құрған Yrysty Academy мектебі – жастарға білім алуға, үлкен арманға жетуге жол ашатын әлеуметтік жоба. Осы арқылы ол «барлығы мүмкін, ең бастысы – еңбек пен табандылық» деген өмірлік қағидасын шәкірттеріне жеткізуді мақсат етеді.