Қазақстандық спортшылар 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарында 10 спорт түрі бойынша ел намысын қорғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Олимпиада ойындарының ел үшін стратегиялық маңызына тоқталып, оның Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.
Олимпиада ойындары еліміздің халықаралық имиджін нығайту ісінде өте маңызды рөл атқарады. Еліміздің спортшылары әлемнің басты байрақты бәсекелеріне өздерінің және тәлімгерлерінің табанды еңбегі нәтижесін ғана емес, бүкіл ұлтымыздың абыройын қорғау үшін бақ сынайды, – деді Олжас Бектенов.
Спортты дамыту – мемлекеттік басымдық
Премьер-министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық және кәсіби спортты дамыту мәселесіне үнемі басымдық беріп келе жатқанын еске салды.
Мемлекет басшысы бұқаралық және кәсіби спортты дамыту әркез басымдыққа ие болып қала беретінін айтып келеді. Сондықтан Қазақстанда спортты дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданып, спортшылардың сапалы даярлануы үшін тиісті жағдай жасалуда, – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары спорт саласын дамытуға бюджеттен 360 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін елімізде қажетті инфрақұрылым мен қолайлы климаттық жағдайлар жеткілікті.
Олимпиадаға дайындық барысы
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында XXV Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы жан-жақты баяндады. Министрдің айтуынша, Олимпиадаға 93 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысады, 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы 10 спорт түрі бойынша 58 медальға таласады. Атап айтқанда:
Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылуы жоспарланған, – деді Ербол Мырзабосынов.
Қазақстан атынан 35 спортшы қатысады
Министрдің айтуынша, болжам бойынша Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 35 спортшы қатысады. Бұл 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен шамалас көрсеткіш.
Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды, – деді министр.
Ербол Мырзабосынов елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келе жатқанын және бүгінде қысқы спортқа арналған 1262 спорт нысаны бар екенін атап өтті.
Олимпиада көшбасшылары
Министр болашақ Олимпиадада көшбасшылар қатарына ене алатын спортшыларды да атады. Олардың қатарында:
фристайл-могулдан 2025 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Анастасия Городко;
мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров;
әйелдер арасындағы Гран-приде тарихи күміс медаль алған Софья Самоделкина;
шорт-тректен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша;
конькимен жүгіруден Әлем кубогы кезеңдерінің қос алтын жүлдегері Евгений Кошкин;
Азия ойындарының чемпиондары Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов бар.
Нәтижелерді қамтамасыз ету үшін ұлттық команданы дайындаудың кешенді жоспары жасалды. Ойындарға сапалы дайындық мақсатында ұлттық командалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізді, 125 халықаралық жарысқа қатысты, – деді министр.
Олимпиада формасы мен Паралимпиада
Министрдің айтуынша, Олимпиадаға арналған спорттық киім-кешек жиынтығы 22 атаудан тұрады және бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған.
Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасының 7 спортшысы XIV Қысқы Паралимпиада ойындарына 10 лицензия жеңіп алған. Паралимпиада ойындары 2026 жылдың 6-15 наурызы аралығында өтеді.
Ұлттық команда 2 спорт түрінен – пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан қатысады, – деді Ербол Мырзабосынов.
Үкімет тапсырмалары
Премьер-министр Олимпиадаға санаулы күндер қалғанын атап өтіп, салалық министрліктерге нақты тапсырмалар берді.
Түпкілікті құрамдарды қалыптастыру, логистика, керекті жабдықтар, медициналық қолдау және ұйымдастыру мәселелерін тез арада реттеу қажет, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ премьер-министр Паралимпиада спортшыларын қолдаудың маңызын атап өтті:
Паралимпиада спортшыларының ірі халықаралық жарыстарға қатысуы – өршіл рух пен төзімділікті тәрбиелеу және инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау тұрғысынан маңызды.
Олимпиада мен Паралимпиада ойындарына дайындық пен ақпараттық қолдауды жалпы үйлестіру премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.