25.01.2026
13:37
3772
Милан-2026: қысқы Олимпиадаға қай өңірдің спортшылары қатысатын белгілі болды

Милан-2026: қысқы Олимпиадаға қай өңірдің спортшылары қатысатын белгілі болды

Санаулы күндерден соң Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпия ойындарының жалауы желбірейді. Төртжылдықтың басты спорттық додасына әлемнің 93 мемлекетінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр.

Қазақстан бұл Олимпиадаға тәуелсіз ел ретінде тоғызыншы рет қатысады. Италиядағы ойындарда ұлттық құрама сапынан 36 спортшы ел намысын қорғайды. Оның 18-і ер, 18-і әйел спортшы. Айта кетейік, бұған дейін, яғни 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) сынға түскен болатын.

Жанкүйерлер үшін қазақстандық спортшылардың қай өңірлерден шыққаны да маңызды дерек екені анық. Әдетте елімізде қысқы спорт түрлері солтүстік пен шығыс аймақтарда қарқынды дамығанымен, биылғы Олимпиадаға оңтүстік өңірлерден де өкілдер жолдама алып отыр.

Өңірлік көрсеткішке тоқталсақ, Италиядағы ойындарға ең көп спортшыны Алматы қаласы ұсынды. Оңтүстік астанадан 5 спорт түрі бойынша 7 спортшы бақ сынайды. Бұл тізімде екінші орында Ақмола облысы тұр — аталған өңірден 2 спорт түрінен 6 спортшы қатысады.

Ал үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы, сондай-ақ Астана және Шымкент қалалары толықтырып отыр. Шығыс Қазақстан мен Шымкенттен 1 спорт түрі бойынша 4 спортшыдан өнер көрсетсе, Астанадан 3 спорт түрінен 4 спортшы жарысқа шығады.

Бұдан кейінгі орындарда Павлодар облысы (3 спортшы, 3 спорт түрі), Алматы облысы (3 спортшы, 1 спорт түрі), Қостанай облысы (2 спортшы, 1 спорт түрі) орналасқан. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан әрқайсысынан 1 спортшы бір-бір спорт түрінен Қазақстан намысын қорғайды.

Осылайша, Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстанның түрлі өңірлерінен жиналған спортшылар ел үмітін арқалап, дүбірлі додада бақ сынамақ.

Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Италияда өтеді және бұл дода Милан – Кортина-д’Ампеццо атауымен тарихқа енбек. Олимпиада 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында ұйымдастырылады. Бұл - бір емес, бірнеше қалада өтетін Олимпиада форматының айқын үлгісі, себебі жарыстар Милан, Кортина-д’Ампеццо, Вальтеллина және Верона аймақтарына бөлініп өткізіледі.

Олимпиаданың басты ерекшеліктерінің бірі — жаңа спорт түрлерінің енгізілуі. Бағдарламаға ски-альпинизм (тау шаңғысымен альпинизм элементтері) алғаш рет ресми Олимпиада спорты ретінде қосылады. Бұл спорт Италияның таулы аймақтарына сай келетіндіктен, ұйымдастырушылар табиғи ландшафтты барынша тиімді пайдалануды көздеп отыр.

2026 жылғы ойындар тұрақты даму қағидаттарына ерекше мән береді. Ұйымдастырушылар жаңа нысандар салудан гөрі, бұрыннан бар спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуды таңдаған. Бұл экологиялық жүктемені азайтып, Олимпиаданың қаржылық тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда Милан – Кортина Олимпиадасы «ең экологиялық қысқы Олимпиадалардың бірі» болуды мақсат етеді.

Тағы бір маңызды ерекшелік - қалалық және таулы спорттардың үйлесуі. Мәселен, мәнерлеп сырғанау, хоккей секілді жарыстар Миланда өтсе, тау шаңғысы, бобслей, шана спорты Кортина-д’Ампеццо мен Альпі аймақтарында ұйымдастырылады. Бұл көрермендерге Италияның мәдениеті мен табиғи сұлулығын қатар тамашалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада Еуропада өтетін кезекті қысқы ойын ретінде құрлықтағы қысқы спорттың дамуына серпін бермек. Италия үшін бұл — қысқы Олимпиаданы екінші рет қабылдау (алғашқысы 1956 жылы Кортинада өткен). Ұйымдастырушылар бұл ойындарды тек спорттық жарыс емес, Еуропаның бірлігі мен заманауи Олимпиадалық құндылықтарды көрсететін ауқымды халықаралық оқиға ретінде өткізуді көздеп отыр.