Милад Карими: Басты мақсатым – Париж Олимпиадасында жақсы өнер көрсету

7 Маусым, 19:15 625

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Қазіргі таңда ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық турнирлер мен рейтингтік додаларға қатысып, ұлттық құрама қоржынын мейлінше көп жолдамамен толықтыруға бар күш-жігерін салып жатыр, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Ал Париждегі осы жылдың басты бәсекесіне лицензия алып қойған отандастарымыз жеке бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдап, маңызды жарысқа тыңғылықты дайындалуда. Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – спорттық гимнастика өкілі Милад Карими. Отандасымыз Париж Олимпиадасының жолдамасын 2023 жылы жеңіп алды.

Олимпиада лицензиясын былтыр Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлем чемпионатында олжаладым. Бірінші жарыс күні көпсайыстан жолдама алып, Олимпиаданың барлық жаттығуында өнер көрсету құқығына ие болдым, - дейді Милад.

Спортшының айтуынша, оның бүкіл отбасы саламатты өмір салтын ұстанады. Бір әпкесі спорттық гимнастикамен, екіншісі хоккеймен айналысқан. Миладты ата-анасы үш жасында спорт секциясына алып келген. Гимнастиканың қыр-сырын ол алғашқы жаттықтырушысы Тахир Кашкулиден үйренген. Ал қазіргі таңда Карими Владимир Ваткиннің қоластында жаттығады.   

Қазіргі бапкеріммен кейінгі бір жыл ішінде жұмыс істеп келеміз. Тәжірибесі мен білімі мол, спорттық гимнастика әлемінде беделі бар жаттықтырушы. Владимир Ваткинмен жұмыс істеу маған ұнайды, - деп атап өтті Милад.

Владимир Ваткиннің өзі Қазақстан спорттық гимнастикамен бұрыннан таныс екенін, ал Каримиді 8 жылдан бері жеке танитынын айтады.

Миладтың өз пікірі, ойы бар керемет спортшы. Ол өзінің денесін жақсы сезінеді. Бұл – спортта өте маңызды дүние, - дейді Ваткин.  

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Александр Ким Милад өте жауапты және мақсатына қол жеткізе алатын спортшы, жаттығуларда бапкерлер тарапынан айтылған барлық тапсырманы орындайтынын айтады.

Милад еркін жаттығуда өте мықты спортшы деп айта аламын. Ол дәл осы бағдарламада Әлем кубогінің иегері, Универсиаданың – күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Каримидің көпсайыста, сондай-ақ кермеде жүлдеге қол жеткізуге жақсы мүмкіндігі бар. Ол тек Қазақстан құрамасының ғана емес, сонымен қатар Әлемнің көшбасшы спортшысы. Токио Олимпиадасында Милад Карими бірден үш жаттығудың финалында бақ сынады. Алдағы Ойындарға келер болсақ, біз үздіктер қатарынан көріну үшін бар күшімізді саламыз. Жүлде алуға мүмкіндігіміз бар, - дейді Александр Ким.   

Спортшының өзі Токиодағы деңгеймен салыстырғанда, қазір әлдеқайда тәжірибесі толысқан гимнастқа айналғанын айтады.

Менің қазіргі таңдағы басты мақсатым – Париж Олимпиадасында жақсы өнер көрсету. Өзімді дәл қазір жақсы сезініп тұрмын, меніңше, Олимпиада кезінде де бәрі ойдағыдай болады, - дейді Милад Карими.

Перизат Саденова
Бөлісу: