Милад Карими Азия чемпионатында тарихи медаль жеңіп алды

17 Мамыр, 00:15 852

Спорттық гимнастикадан Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Милад Карими күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Карими көпсайыстан 84.632 ұпай жинап, жалпы есепте екінші орынға табан тіреді. Алтын медальді әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, филиппиндік Карлос Юло еншіледі. Өзбекстандық Абдулла Азимов 82.431 ұпаймен турнирдің қола медалін иеленіп қана қоймай, Париж Олимпиадасына жолдама алды. 

Карими де, Юло да жолдама мәселесін шешіп қойғандықтан, квота өзбек гимнастына беріледі. Қазақстандық Дмитрий Патанин 79.598 ұпаймен көпсайыста жүлдеге іліге алмай, тиісінше, Олимпиадаға іріктеуден өткен жоқ. 

Еске сала кетейік, Милад Карими Азия чемпионатында көпсайыстан күміс медаль алу арқылы тарихи жетістікті тіркеп отыр. Бұған дейін отандық гимнастар жекелеген снарядтарда жүлде алғаныман, құрлық додасында көпсайыс қорытындысы бойынша тұғырға шықпаған. 

Ташкенттегі Азия біріншілігінде Париж Олимпиадасының жолдамасын алған Нариман Курбанов та бақ сынайды. 

Зарина Арман
Бөлісу: