Microsoft жасанды интеллектке арналған дата-орталықтар үшін тұтынылатын электр энергиясының толық құнын өз есебінен төлеуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ компания мұндай жобалар бойынша жергілікті салықтық жеңілдіктерден бас тартатынын және өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салатынын хабарлады. Бұл туралы GeekWire басылымы жазды.
Компанияның айтуынша, Microsoft жергілікті инфрақұрылымды жетілдіруге, кадр даярлау бағдарламаларын іске асыруға және коммуналдық қызметтермен тығыз үйлестіру жүргізуге ниетті. Мақсат – өңірлік энергожүйелерге және басқа да ресурстарға түсетін жүктемені азайту.
Бұл бастама жасанды интеллект инфрақұрылымына қатысты қоғамдағы наразылықтың күшеюімен байланысты. АҚШ пен басқа да елдерде дата-орталықтардың жедел қарқынмен салынуы электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына алып келді. Кейбір өңірлерде тарифтер үш есеге дейін өскен. Ал мұндай өсімнің басты себептерінің бірі деп ірі ЖИ-орталықтар атала бастады.
Осыған дейін ірі технологиялық корпорациялар дата-орталықтар салу үшін субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер алуға тырысып, инфрақұрылымға кететін шығындардың едәуір бөлігін жергілікті билік пен бюджетке жүктеп келген. Microsoft бұл тәжірибеден әдейі бас тартып, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына жүгінуде. Компанияның мақсаты – әлеуметтік шиеленісті дата-орталықтарға қарсы қоғамдық наразылықтар саяси шектеулерге ұласқанға дейін төмендету.
Индустрия 4.0: технологиядан – қоғамдық мәселеге дейін
Microsoft-тің бұл шешімі жаһандық үрдіске сай келеді. Жасанды интеллект инфрақұрылымы енді тек техникалық мәселе емес, саяси және әлеуметтік сипат ала бастады. ЖИ модельдер орасан зор есептеу қуатын, соған сәйкес көп мөлшерде электр энергиясы мен салқындату жүйелерін талап етеді. Халықаралық зерттеу ұйымдарының бағалауынша, дата-орталықтардың электр энергиясын тұтыну көлемі қазірдің өзінде кейбір елдердің деңгейімен теңесіп отыр, ал онжылдық ортасына қарай бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Өсімнің басым бөлігі дәл жасанды интеллектке тиесілі.
Бұған дейін АҚШ штаттары мен Еуропа өңірлері Amazon, Google, Microsoft сынды алпауыттарды тарту үшін ұзақмерзімді салықтық жеңілдіктер, арзан жер телімдері мен инфрақұрылымға қосылуды жергілікті бюджет есебінен ұсынған. Бұл тәсіл бұлтты технологияларды тез дамытуға мүмкіндік бергенімен, электр тарифтерінің өсуі, су ресурстарына жүктеме мен желілердің тозуы сынды ішкі шығындар тұрғындар мен коммуналдық қызметтердің мойнына түсе бастады.
Соның салдарынан соңғы жылдары бірқатар елде ірі дата-орталықтар құрылысына қарсы жергілікті наразылықтар күшейді. Белсенділер мен тұрғындар электр энергиясы бағасының қымбаттауы, су ресурстары үшін бәсеке, экологиялық әсер секілді мәселелерді алға тартуда. Кейбір еуропалық юрисдикцияларда жаңа алаңдарды мақұлдауға шектеулер де енгізілді. GeekWire дерегінше, қазір дәл осындай үрдіс АҚШ-та жасанды интеллект инфрақұрылымына қатысты үдей түсуде.
ЖИ жүктемелері алдыңғы қатарға шықпай тұрған кезеңде Amazon Web Services, Google, Meta және Microsoft сияқты ірі ойыншылар бірдей стратегия ұстанды: салықтық жеңілдіктерге қол жеткізіп, төмен тарифтерді келісімшарттармен бекіту және желілерді жаңғырту шығындарын өңірлік деңгейге жүктеу. Осы тұрғыдан алғанда Microsoft-тің жергілікті салықтық жеңілдіктерден бас тартып, электр энергиясының толық құнын өз мойнына алуы сала үшін жаңа стандарт қалыптастыруға бағытталған қадам ретінде бағаланады.
Егер бәсекелестер бұл бастаманы қолдамаса, олар жергілікті қауымдастықтар мен реттеушілер алдында имидждік тұрғыдан ұтылып қалуы мүмкін. Ал егер басқа компаниялар да осындай міндеттемелерді қабылдаса, дата-орталықтарды салу мен пайдаланудың шығыны артып, жасанды интеллект қуатының өсу қарқыны баяулап, олардың географиялық орналасуы анағұрлым таңдаулы бола түсуі мүмкін.
Жергілікті қауымдастықтар мен үй шаруашылықтары үшін Microsoft-тің «толық төлем» саясаты мен инфрақұрылымға инвестиция салу жоспары пайда мен шығынды әділ бөлудің мүмкіндігін арттырады. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл ірі ЖИ-бұлттардың қарапайым тұтынушылар есебінен жанама түрде субсидиялану қаупін төмендетеді. Алайда іс жүзінде бәрі коммуналдық компаниялармен жасалатын нақты келісімдерге, тұтыну деректерінің ашықтығына және биліктің тұрғындар мүддесін қаншалықты қатаң қорғайтынына байланысты болмақ.
Реттеу тұрғысынан алғанда, Microsoft-тің бұл қадамын салаға ортақ қатаң талаптар енгізілмей тұрып алдын алу әрекеті ретінде қарастыруға болады. Мәселен, энергожүйеге жүктеме шектеулері, су тұтыну квоталары, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану талаптары немесе әр нысан бойынша жария есептілік секілді нормалар. Салықтық жеңілдіктерден ерікті түрде бас тартып, электр энергиясы шығындарын өз мойнына алу – индустрияның кейбір мәселелерді мемлекет араласуынсыз шешуге дайын екенінің белгісі.
Жасанды интеллектің болашағы тұрғысынан бұл кейс технологиялық шектеулердің орнын әлеуметтік және саяси факторлар басып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі басты сұрақ – қанша чип пен алгоритм жасауға болатынында емес, қоғамның бұл технологиялар үшін қандай ресурстармен төлеуге дайын екенінде. Егер Microsoft ұстанымы салаға ортақ нормаға айналса, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту қымбатқа түсуі мүмкін, бірақ ол адамдар мен өңірлер үшін анағұрлым тұрақты әрі болжамды болмақ.