Меценат мыңнан астам сәбиге көздің диагностикасын жасауға көмектесті

1 Қараша 2022, 19:32 1746

Диагностикалық құрал-жабдықтарды сатып алуға 28 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды

Айдан Сүлейменова 1265 жаңа туған балаларға көздің дәл диагностикасын жасауға көмектесті, деп хабарлайды El.kz.

Диагностикалық құрал-жабдықтарды сатып алуға 28 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

 2022 жылғы 27 қазан Осы көмектің арқасында Қазақстанның он Перинаталдық орталығы 2022 жылы офтальмологиялық скринингке арналған заманауи диагностикалық жабдыққа ие болды.

Жарты жылда 1265 жаңа туған нәресте көз тексерісінен өтті, оның ішінде 181 балада ретинопатия анықталды. Офтальмолог-дәрігерлер AYALA ҚҚ берген жабдықтардың көмегімен көз торының лазеркоагуляциясы арқылы тоғыз баланың көру қабілетін сақтап қалды. Қазақстандық дәрігерлердің мәліметінше, мерзімінен бұрын туған нәрестелердің 40% жуығы ретинопатиямен - шала туған нәрестелерде көру қабілетінің қайтымсыз жоғалуына әкеп соқтыратын көз ауруымен ауырады.

Ретинопатияның ешқандай сыртқы белгілері жоқ. Тек мамандандырылған және оқытылған офтальмолог арнайы жабдықтың (офтальмоскоптың) көмегімен осы аурудың ерте көріністерін көре алады. 2022 жылға дейін Қазақстанның Перинаталдық орталықтарын ретинопатияның ерте скринингіне арналған жабдықтармен жабдықтау өте ауыр жағдайда болды - ол тек 4 орталықта ғана бар болды.

Ахуал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ретинопатияның күрт дамыған түрін инъекциялық емдеуге клиникалық хаттаманың болмауымен ушығып кетті, соның салдарынан көру қабілетін толық жоғалтатын балалар саны жыл сайын қарқынды өсті. 2021 жылдың қазан айында AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова осы мәселелерді шешуге қосылды. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаевпен кездесулер өткізілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Мағрипа Ембергеновамен бірге қазақстандық Перинаталдық орталықтардың жаңа туған нәрестелердің офтальмологиялық скринингіне арналған жабдықтарға, сондай-ақ кадрларға деген қажеттіліктеріне жан-жақты талдау жүргізілді.

«Қазақстанда шала туған нәрестелер дүниеге келетін 42 Перинаталдық орталықта балалардың ретинопатиясын анықтау үшін офтальмологиялық скрининг жүргізе алатын небәрі 23 офтальмолог бар. Біз скринингтік жабдықтармен, ең алдымен осы тар мамандар жұмыс істейтін орталықтарды қамтамасыз ету керектігін түсіндік. Сондықтан екі демеушімен бірге 11 Перинаталдық орталыққа және Атырау қаласындағы Облыстық офтальмологиялық ауруханаға назар аудардық. Нәтиже біздің барлық болжамдарымыздан асып түсті - алты айда көз диагностикасынан жаңа туған нәрестелердің саны 1200-ден асты. Сонымен қатар, скрининг ретинопатиядан басқасын да анықтауға көмектесті. Мысалы, Атырауда 136 баланың 74-інде ретинопатияға жатпайтын елеулі көз патологиясы анықталды. Осы көз патологиясын ерте кезеңде анықтау дәрігерлерге ерте емдеуді бастауға және балалардың жақсы көру қабілеттерін сақтауға көмектесті. Бұл қайырымдылық қорының, Денсаулық сақтау министрлігінің және мемлекеттік медициналық орталықтардың нәтижелі өзара іс[1]қимылынан алуға болатын үздік нәтиже», - деп атап өтті AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.

Офтальмоскоптарға қосымша Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларындағы үш Облыстық перинаталдық орталықтарда AYALA ҚҚ бокстар арқылы жинаған қаражатқа ретинопатия диагнозы қойылған жаңа туған нәрестелердің көз торын лазеркоагуляциялау операцияларын жүргізуге арналған аппараттар орнатылды. 52 миллион теңгеден астам сомаға сатып алынған бұл жабдықтар тәжірибелі хирург-офтальмологтардың қолымен 9 жаңа туған нәрестенің көру қабілетін құтқаруға көмектесті. Қыркүйек айында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа туған нәрестелерге «Луцентис» препаратын интравитреалды енгізу жөніндегі клиникалық хаттаманы бекітті, бұл офтальмолог дәрігерлердің пікірінше, Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуде нағыз серпін болды.

«Қазір қолымызда бар нәрселердің барлығы - ультра заманауи бинокулярлық офтальмоскоптар, сәбилерде соқырлықты емдеудің жалғыз әдісі үшін лазерлік қондырғылар, «Луцентис» инъекциясы арқылы ретинопатияны емдеуге арналған клиникалық хаттама – бірнеше жыл бұрын біз үшін қол жетпес арман болатын. Бүгін бізде шала туған балаларға әлемді жарқын бояулармен көруге, ал олардың отбасыларына қуаныш пен бақыт сыйлауға көмектесу мүмкіндігі пайда болды. Көптеген мамандар сенбеген балаларға сапалы офтальмологиялық көмекті жүзеге асыруда зор мүмкіндіктеріміз болғаны үшін Айдан Сүлейменоваға алғыс айтамыз», - деп атап өтті медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Көз аурулары ҒЗИ офтальмолог дәрігері Әсел Үсенбайқызы Шәріпова.

Бұрынғы терапевт дәрігер Айдан Сүлейменова 15 жылдан бері балалар денсаулық сақтау саласында қайырымдылық жобалармен айналысып келеді. Ол негізгі көмекті мемлекеттің Қазақстандағы балалар өлімі мен мүгедектікті азайтудағы күш-жігерін қолдау үшін бағыттайды. 2007 жылдан бастап Айдан Сүлейменованың 1,5 миллиард теңге мөлшеріндегі жеке қаражатына көпбейінді 30 балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықтарының реанимациясы балалардың өмірін ғана емес, функционалдық денсаулығын да сақтайтын жабдықтармен жабдықталды.

Оның ішінде шала туған сәбилердің ретинопатиясына байланысты балалардың мүгедектігін төмендету жобасына AYALA ҚҚ президенті 28 950 000 теңге бағыттады, оның 16 810 000 теңгесі - 2022 жылы офтальмологиялық скринингке арналған жабдықтар, ал 12 140 000 теңгесі - Алматы қаласындағы Қалалық перинаталдық орталыққа ретиналдық камера сатып алуға жұмсалады.

EL.KZ
Бөлісу: