12.01.2026
14:07
531
Meta Қазақстан нарығын білетін маман іздеп жатыр

Meta Қазақстан нарығын білетін маман іздеп жатыр

Facebook, Instagram және WhatsApp платформаларына иелік ететін Meta корпорациясы Қазақстан нарығына жауапты арнайы маман іздейтінін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Market Specialist Kazakhstan атты бос жұмыс орны компанияның ресми Meta Careers платформасында жарияланған. Қызметтік жұмыс орны – Ирландияның Дублин қаласы.

Жаңа маман Meta-ның Еуропалық командасының құрамында жұмыс істеп, Қазақстанға қатысты ақпараттық процестерге жауап береді. Оның негізгі міндеттерінің қатарына: дағдарыс жағдайларында жедел әрекет ету, платформадағы сыни және сезімтал контентті бақылау мен талдау, сондай-ақ on-call форматындағы операциялық модельге қатысу жатады.

Сонымен бірге маман Қазақстандағы жергілікті ақпараттық ортаға тән тәуекелдерді бағалап, әлеуметтік желілерде таралуы мүмкін даулы немесе қауіпті контентке қатысты шешім қабылдау процесіне атсалысады. Meta атап өткендей, бұл міндетті алған адам тілдік, мәдени және қоғамдық ерекшеліктерді терең түсінуі, сондай-ақ өңірдің геосаяси контекстінен хабардар болуы қажет.

Бос жұмыс орнының сипаттамасында аз ұлттар, жергілікті қауымдастықтар және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қатысты контентпен жұмыс істеу де маңызды бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. Сондықтан үміткерден кәсіби әдеп, жауапкершілік және сезімтал тақырыптармен жұмыс істеу тәжірибесі сұралады.

Бұдан бөлек, Market Specialist Meta платформаларындағы қазақстандық пайдаланушыларға көрсетілетін қолдауды жақсартуға бағытталған ауқымды шешімдерді әзірлеуге, сондай-ақ басқа елдердегі командалармен тығыз халықаралық үйлестіру жұмыстарына қатысады.

Айта кетейік, бұл орын Meta компаниясының аймақтық нарықтарға бейімделу және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып контентті басқару саясатын күшейтуге басымдық беріп отырғанын көрсетеді.