Meta компаниясы жасанды интеллект бағытындағы Superintelligence Labs бөлімінде шамамен 600 қызметкерді қысқартатынын хабарлады.
Компанияның мәлімдеуінше, бұл шешім жасанды интеллект саласындағы зерттеу және әзірлеу процестерін барынша тиімді әрі икемді етуге бағытталған.
Қысқарту негізінен Facebook Artificial Intelligence Research (FAIR) бөлімшелеріне және жасанды интеллект пен оның базасындағы өнімдермен айналысатын қызметтерге әсер етеді. Алайда жаңа буын ЖИ үлгілерін жасауға жауапты TBD Lab бағдарламасына бұл өзгерістердің қатысы жоқ. Онда ондаған инженер мен зерттеуші өз жұмысын жалғастыра береді.
Axios басылымының хабарлауынша, қысқарту туралы ақпарат Meta-ның ішкі хабарламалары арқылы белгілі болған. Компания қысқартуға түсетін қызметкерлерге Meta экожүйесінің басқа бөлімдерінде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
Сонымен қатар, Meta сейсенбі күні Blue Owl Capital инвестициялық компаниясымен 27 миллиард доллар көлемінде келісім жасасты. Бұл – Meta тарихындағы ең ірі жеке инвестициялық мәміле. Қаражат компанияның жаңа ірі деректер орталығын салуға жұмсалмақ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім Meta-ға жасанды интеллект саласындағы кең ауқымды жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал бастапқы қаржылық тәуекелдердің басым бөлігі сыртқы инвесторлардың мойнына жүктеледі, компания жобадағы үлесінің аз бөлігін ғана сақтап қалмақ.