Meta компаниясы соңғы апталарда абортқа қолжетімділік, репродуктивті денсаулық және ЛГБТ қауымдастығына қатысты ондаған аккаунтты жапты немесе шектеді. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Құқық қорғаушылар бұл жағдайды соңғы жылдардағы ең ірі цифрлық цензура толқындарының бірі деп бағалап отыр. Ақпаратқа сәйкес, Facebook, Instagram және WhatsApp платформаларында 50-ден астам ұйымның парақшасы бұғатталған немесе көрінуі шектелген. Олардың қатарында Еуропа мен Ұлыбританиядағы ғана емес, Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыстағы әйелдер мен ЛГБТ қауымдастығына қызмет көрсететін ұйымдар да бар. Кейбір ұйымдар ондаған мың адамға кеңес беріп келген.
Repro Uncensored ұйымының мәліметінше, 2025 жылы гендерлік теңдік, денсаулық және әлеуметтік әділеттілік бағытында жұмыс істейтін қозғалыстарға қарсы 210 цензура фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп.
Meta өкілдері цензура күшейді деген пікірмен келіспейді. Компанияның мәлімдеуінше, барлық ұйымдар мен қолданушылар бірдей ережелерге бағынады және шектеулер белгілі бір топқа немесе идеологияға байланысты емес. Сонымен қатар Meta абортқа қатысты контент саясаты өзгермегенін алға тартты.
Алайда белсенділер Meta-ның бұл әрекеттері АҚШ-тағы бұрынғы саяси ұстанымдардың жаһандық деңгейде қайталанып жатқанын көрсетеді дейді. Кей елдерде аборт заңды болғанына қарамастан, арнайы «жедел желілер» мен ақпараттық парақшалар бұғатталған. Сонымен бірге жалаңаштықты бейнелемейтін, тіпті мультфильм түріндегі суреттердің өзі ескертуге іліккен.
Нидерландта тіркелген Women Help Women ұйымы да зардап шеккендердің қатарында. Ұйым жыл сайын әлем бойынша 150 мыңға жуық әйелге аборт туралы ақпарат береді. Олардың Facebook парақшасы алғаш рет толықтай бұғатталған. Meta мұны «дәрілік заттарға қатысты ережелерді бұзумен» түсіндірген.
Колумбиядағы Jacarandas феминистік ұйымының WhatsApp желісі бірнеше рет бұғатталып, қайта ашылған. Ұйым басшысы Meta тарапынан нақты жауап пен түсініктеменің жоқтығын айтып, бұл жағдай болашақты жоспарлауға кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
Meta өз кезегінде Repro Uncensored белгілеген аккаунттардың жартысынан көбі қайта қалпына келтірілгенін хабарлады. Компания кейбір парақшалар қателікпен бұғатталғанын да мойындады.
Сарапшылардың пікірінше, негізгі мәселе – апелляция жүйесінің тиімсіздігі. Аккаунт иелері шағым түсіргенімен, оның қаралуы ұзаққа созылады немесе мүлде жауапсыз қалады. Бұл өз кезегінде сөз бостандығы мен ақпаратқа қолжетімділікке қауіп төндіреді.
Белсенділер Meta-ны ашықтыққа, жергілікті әлеуметтік контексті ескеруге және адам құқықтары саласында жауапкершілікті күшейтуге шақырып отыр.