Атақты футболшы Лионель Месси Испанияда дау астында қалды. Ибица билігі 2022 жылы 11 миллион еуроға сатып алынған оның вилласына қатысты тергеу бастады. Бұл туралы A Bola басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Хабарламаға сәйкес, Мессидің меншігі табиғи қорғалатын аймақта орналасқан, мұнда құрылыс ережелері ерекше қатаң. Испаниялық БАҚ-тың жазуынша, инспекторлар тексеріс кезінде жертөледен жобада көрсетілмеген бөлмелер мен гаражды анықтаған. Осы заңбұзушылықтар салдарынан муниципалитет нысанға пайдалану сертификатын беруден бас тартқан, сондықтан вилла ресми түрде толықтай тұрғын үй ретінде жарамсыз деп танылған.
Дегенмен Месси сол виллада әлі де тұрады, өйткені заңсыз салынған нысандар негізгі тұрғын аймаққа әсер етпейді. Футболшыға жақын дереккөздердің айтуынша, аталған өзгерістерді бұрынғы иесі жасаған, ал Месси мен оның заңгерлері бұл туралы сатып алу кезінде білмеген.
Алайда испан билігі мұны заңсыздық деп бағалап, оларды жоюды талап етуде. Егер мәселе шешілмесе, вилланың бір бөлігі бұзылуы мүмкін.
Айта кетерлігі, бұл Мессидің Испаниядағы беделіне алғашқы соққы емес: 2024 жылы экологиялық белсенділер оның вилласын бүлдіріп, «табиғи аумақты заңсыз иемденді» деп айыптаған болатын.