Түркістан облысы Келес ауданының орталығы Абай ауылында тұратын Динара Шойбекова әлеуметтік желіде футбол ойнап, доп тепкен сәттерін көрсету арқылы танымал болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Келес ауданы әкімдігінің мәліметінше, Динара – төрт баланың анасы. Үш қызы мен бір ұлы бар. Анасы үшін балалардың көңілі бәрінен қымбат.
Спорт адам таңдамайды екен. Бала-шағасы мен жасына да қарамайды. Балалардың көңілі үшін футбол ойнаймын. 3 қыз, 1 ұлым бар. Жалғыз ұлың болса осы екен, көңілің қимайсың, – деп жазады ол өзінің жазбаларында.
Бала кезінен спортқа әуес болған Динара футболдан бөлек, волейбол мен баскетболды да жақсы меңгерген. Медицина мамандығын тәмамдаған ол бүгінде отбасы мен спортты қатар алып жүр. Жолдасы – кәсіпкер, сондықтан спортқа уақыт табуына қолдау көрсетіп келеді.
Әлеуметтік желідегі бейнероликтеріне қарап, көпшілік оны нағыз шабуылшыға теңейді.
«Біздің командаға шабуылшы керек», «Кейбір еркектерден күшті тебеді», «Менен жақсы ойнайды екен», «Қазақстан құрама командасына қосып жіберу керек», «Месси мен Рональду көрмесін», «Бала-шағасы аман болсын», – деп пікір қалдырғандар да бар.
Желі қолданушыларының жылы лебіздері мен әзілге толы пікірлері Динараның спорттағы өнерін бағалап қана қоймай, ауыл жастарына да шабыт беруде.