Мерзімді қызметін өткерген сарбаздарға білім алу жеңілдігі беріледі

16 Тамыз 2023, 21:56 1015

Осы көктемде мерзімді әскери қызметін өткеріп, запасқа шығарылған азаматтардан жоғары оқу орындарына түсу үшін құжаттар қабылдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, бастамашылық жасаған бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жеңілдіктерін беру арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Бұл мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға екі жыл ішінде ақылы негізде ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін есепке алмай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.Ал жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орны есебінен өтеусіз негізде ҰБТ есебінсіз оқуға құқық беріліп отыр.

Сонымен қатар оларға өзі таңдаған оқу орнының әскери кафедрасына емтихансыз түсуге және оның ақылы немесе университет есебінен өтеусіз негізде өтуіне рұқсат етіледі. 

Армия мектебінен өткен азаматтар Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына да емтихансыз түсе алады. Қорғаныс ведомствосының жоғары оқу орындарына қабылдау Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде жүргізілген іріктеу нәтижелері бойынша жүзеге асады.

Іріктеудің ыңғайлылығы мен ашықтығы мақсатында Қорғаныс министрлігінде Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің жүзден астам әскери бөлімдері тіркелген "Срочники 2.0" цифрлық платформасы енгізілді. Онда барлық жауынгерлердің қызмет атқару кезеңіндегі бағалары көрсетілген. Жүйе автоматты түрде сарбаздардың рейтингін олардың қорытынды бағалары бойынша құрып, оларды жоғары оқу орындарына бөледі.

Берік Арманов
Бөлісу: