Мерзімді қызмет сарбаздары әскери ант қабылдады

25 Мамыр, 12:30 1005

Астанада «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің «Айбын» президенттік полкі көктемгі шақырылым жас сарбаздарының Әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шараға жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Әскери қызмет сарбаздары еліміздің барлық аймақтары мен республикалық маңызы бар қалаларынан іріктелді. Олар әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында жаңа шақырылым сарбаздарын дайындау курсынан өтті.

Әскери ант қабылдау салтанаты – ерекше жауынгерлік рәсімдердің бірі. Ант қабылдау арқылы сарбаздар өздеріне Отанды қорғауға әзір болуға, әскери қызмет міндеттерін адал атқаруға жауапкершілік алады.

Суреттер: Ажар Лаубаева

ҚР МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.

Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері 0112 әскери бөлімінің лейтенанты, топ командирі Рүстембек Алкеев әскери ант беру салтаны жауынгерлік рәсімдердің ерекше түрі екенін атап өтті.

Әскерге қабылдаған жас сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге,  қызметте адал болуға ант береді. Сөйтіп, олар заң бойынша бір жылдық мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әрі қарай өз еріктерімен бұл саладағы қызметін келісімшарт негізінде жалғастыра алады, – деді топ командирі. 

Рүстембек Алкеевтің сөзінше, бүгінгі жас сарбаздардың әскери ант беру рәсіміне дайындық кезеңі бір ай бойы әскери бөлімдердің далалық оқу орталықтарында жүргізілген. 

Сурет: Ажар Лаубаева

Сарбаздардың дайындығы өте жоғары. Бір айдың ішінде үлкен көрсеткішке жетті деп ойлаймын, – деді лейтенант. 

Ант қабылдаған «Айбын» президенттік полкінің жауынгері Әділхан Әлихан әскерге өз еркімен келген. Ол арнайы іріктеуден Шымкент қаласынан өткен.

Сурет: Ажар Лаубаева

Әскери міндетін өтеу – әр ер азаматтың парызы. Біздің ата-бабымыз кезінде елімізді, жерімізді қорғау үшін қаншама қан төкті. Келешек ұрпақтың да мақсаты өз жерін, елін қорғау. Бүгінде Алланың қалауымен әскерге қабылдандым. Қуанышым шексіз. Борышымды Астана қаласында өтейтініме, жоғары деңгейдегі «Айбын» полкінің қатарында болатыныма ризамын. Жауапкершілік өте үлкен. Бұйырса алдағы уақытта президентке, халқыма шексіз адал қызмет етемін, – деді қатардағы жас сарбаз.

Әділхан Әлиханның әпкесі Ұлжан Әлихан інісінің әскери ант қабылдау рәсіміне қатысу үшін арнайы Шымкент қаласынан келген.

Сурет: Ажар Лаубаева

Әкеміз әскери борышын өтеу әр азаматтың міндеті екенін үнемі ініме айтып отыратын. Оның аманатын арқалап Әділхан әскери борышын өтейтін болады. Інім ел алдындағы парызын абыроймен атқарып келсе, біз үшін ол әрине жетістік болмақ, – дейді жауынгердің әпкесі.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің мерзімді әскери қызмет сарбаздары қатарына еліміздің 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы кез келген азаматы қосыла алады. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Суреттер: Ажар Лаубаева

Әскери ант қабылдаған мерзімді қызмет сарбаздары Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы мен мемлекеттік елтаңбасы эталондарын күзету, мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді міндеттерді атқаруға кіріседі.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: