Мерзімді әскери қызметтен келгендердің бәрі бірдей оқығысы келмейді – вице-министр

15 Маусым 2023, 12:19 1046

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов сарбаздардың жоғары оқу орнына түсуіне ғана емес, сонымен қатар жұмысқа орналасу бағытына да мән беру қажеттігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Біздегі ұлттық компаниялар бүгінгі таңда мүгедектігі бар азаматтарға 4 пайызбен квота берген. Сол сияқты мемлекеттік компаниялар мен үлкен корпорацияларға осындай ұсыныстар беру қажет. Мерзімді әскери қызметтен келгендердің бәрі бірдей оқығысы келмейді. Олардың ішінде жұмыс істегісі келетіндер де бар. Сол себепті жұмысқа орналасу мәселесін шешу керек, – дейді вице-министр Ербол Оспанов.

Бұл ұсынысты қолдаған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мұндай кәсіпорындардың тізімін сұрады.

Біздің мемлекеттің меншігі, акциясы бар. Аса үлкен біліктілікті қажет етпесе де, кейбір өңірлерде жұмыс күші аз. Адам саны аз, оңтүстіктен көше бермейтін осындай аймақтарда қандай кәсіпорындар бар? Солтүстік аймақтарға азаматтар барса, еңбек орны бар жерде олар үйлі-баранды болып, өңірдің ауа райына да үйреніп, сонда қалады. Бір мәселемен екі-үш проблеманы қатар шешуге болатын сияқты? – деп вице-министрге сұрақ қойды.

Аталған сауалға вице-министр заңды тұлғалардың мемлекеттік базасында тізімі барын және мемлекеттік-мемлекеттік емес сияқты үлкен-кіші корпорациялар бар екенін жеткізді.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: