Ақмола, Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында бірқатар білім беру нысандары ашылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мерекеге орай Ақмола облысына қарасты Максимовка ауылындағы орта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті іске қосылды. Оның ішінде педагогтің үш жұмыс аумағы бар: бірінші аумақта кеңсе үстелі, тақта және компьютер қойылған; балалар үшін арнайы оқу орны жабдықталған; оқушылардың демалуына арналған аумақ.
Түркістан облысының Ордабасы ауданында 520 орындық «Ұлы Орда» мектебінің ашылу салтанаты өтті.
Мерекеге орай Атырау облысында көлік және коммуникация колледжінде спорт алаңы ашылды. Онда студенттер шағын футбол, баскетбол және волейбол ойнайды.
Қостанай облысында 2 робототехника және 3 инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Жаңа кабинеттер барлық қажетті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, конструкторлармен, роботтармен және 3D принтермен жабдықталған. Бұл құрылғылардың көмегімен дарынды оқушылардың әртүрлі роботтар жасауға мүмкіндігі болады. Осылайша олар түрлі байқауларға да қатыса алады.
Жалпы білім беретін мектептердегі жаңа инклюзия кабинеттерінің ашылуы 32 ерекше бала үшін қолайлы жағдай тудырды.
Қарағанды облысында 50 орындық балабақша ашылды. Жоба инвестиция тарту арқылы іске асты.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов атындағы ауылда 7 жаңа модификация кабинеті іске қосылды. Оқу кабинеттерінің жиынтығына ұстаздардың оқу процесін қызықты өткізуге көмектесетін мамандандырылған жиһаздар, демонстрациялық және зертханалық жабдықтар, техникалық оқу құралдары, мультимедиялық бағдарламалар, интерактивті жабдықтар және тағы басқалары жатады.
Айта кетейік, Республика күніне орай еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында оқушылар үшін шығармашылық, тәрбиелік, танымдық, спорттық және салтанатты іс-шаралар өтуде.