Мерейлі отбасы - 2018

10 Қыркүйек 2018, 17:41 11006

Қазақстанның жыл отбасы анықталды

Қыркүйек айының екінші жексенбісі елімізде отбасы күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай биыл да дәстүрге айналған “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының қорытынды концерті өтті. Байқаудың 5 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай жеңімпаздарды марапаттауға қатысты өзгертулер енгізілген екен. Бұл жолғы байқаудың бұрынғылардан ерекшелігі жеңімпаз отбасыдан бөлек, тағы екі әулет конкурс дипломанты атанды.

Қызылорда облысында үздік атанған Ишанқұловтар әулетін қанатын кеңге жайған мәуелі ағашқа теңеуге болатын шығар. Себебі 62 жыл отасқан Ерғали ата мен Баһира апа 14 бала өсіріп, қазір 61 немере, 46 шөбере мен 1 шөпшектің қызығын көріп отыр. Әулеттің үлкені Ерғали ата жұбайы екеуі бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгенін айтады: “Заман оңай болмады, алыс-жақыннан түрлі жаңалықты естисің. Сондықтан ұл-қыздарымыздың тәртібіне үлкен мән бердік. Бүгінде ол өз нәтижесін берді деп ойлаймын, бәрі өз алдына шаңырақ құрып, үлгілі отбасы болып отыр, оны көріп көңіліміз жайланады”. Ерғали Ишанқұлов ұзақ уақыт агро-өнеркәсіп саласында қызмет еткен, балаларының көбі де осы да салада жұмыс жасап жүр. Дипломант атанған отбасыға микроавтобустың кілті табыс етілді.


Ақтөбе облысының атынан бақ сынап, дипломант атанған екінші отбасы - Айтбаевтар әулеті. Отбасында бірлік пен сыйластық үзілмеуі керек деп есептейтін шаңырақтың үлкені Құдайберген Айтбаев ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен құрметті қайраткер. Жары Миуа Низамудинова болса, ұзақ жыл ұстаз болған. Жақында ғана алтын тойларын атап өткен жұбайлар екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Ал бүкіл Қазақстанға бұл кісілер әнші Димаш Құдайбергеннің ата-әжесі ретінде жақсы таныс. Байқау ұйымдастырушылары шығармашылық отбасыға кәсіби музыкалық орталық пен арнайы жүлде тарту етті.



Ал биылғы"Мерейлі отбасы" байқауының бас жүлдесі Жамбыл облысынан келген Ниязқұловтар әулетіне бұйырды. Отбасының үлкені 83 жастағы Үмен Ниязқұлов 40 жылдан астам білім саласында қызмет еткен. Жұбайы Баян Ниязқұлова да мұғалім, сондай-ақ 12 баланы дүниеге әкелген “Алтын алқа” иесі. 62 жыл бұрын өмір жолдарын тоғыстырған ата-әже 12 баладан 32 немере, 21 шөбере сүйіп отыр. Олар да үлкендердің жолын жалғастырып, ұстаздық жолды таңдаған көрінеді. Әулеттің мұғалімдік өтілін есептесек, 198 жылды құрайды. Үмен ата өз сөзінде “Бұл байқауда жеңілген ешкім жоқ, қатысқанның бәрі жеңімпаз. Әр отбасының мәртебесі биік”, - деп атап өтті.

Шынымен де бұл байқауға қатысқан әр отбасы өзінше ерек. Мысалы, бұл жолғы конкурста бақ сынасқандар арасында дәрігерлер династиясы да болды. 



Астаналық Ерекешовтер әулетінде барлығы дерлік абзал кәсіп иелері. Дәрігерлік династияның басында тұрған медицина ғылымдарының докторы, балалар хирургі Әбубәкір Ерекешұлы 5 жыл бұрын дүние салған. Ол кісінің жұбайы Раушан Зияшқызы да ұзақ жыл медицина саласында қызмет еткен. Ата-анасының жолын қуған Асылжан Ерекешов туа біткен кемістігі бар балаларға ота жасайтын неонатальді хирург. 26 жыл осы салада қызмет етіп жүрген Асылжан Әбубәкірұлы тек Астанада емес, өңірлерге де шығып, жаңа туған сәбилерге көмек көрсетеді. Жары Манира Ерекешова - балалар педиаторы. 3 ұл өсіріп отырған отбасының тұңғыштары Аян да атасы мен әкесі сияқты балалар хирургі боламын ден мақсат қойған. Қазір ол Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алып жатыр. Манира Ерекешова бала тәрбиесінде ұқыптылық пен үлкенді сыйлауға көп мән беретінін айтады.

Ал Алматы облысы бойынша үздік атанған Кәрібаевтар әулетін нағыз интернационалды отбасы деуге болады. Біржан және Әлия Кәрібаевтар 9 бала тәрбиелеп отыр, оның жетеуін асырап алған. Мұндай жауапты іске қалай келгендерін Біржан Кәрібаев былай баяндады: “Екі ұлымыз бар. Әйеліммен екеуара ақылдасып, қыз асырап аламыз деген шешімге келдік. Ал балалар үйінде бізге ұсынған кішкентайдың үш туғаны бар екен, тәрбиешілер оларды бір-бірінен айырмауғы тырысу қажетін ескертті. Ойлана келе, төртеуін де асырап аламыз деп шештік. Уақыт өте келе, шаңырағымызға тағы үш бала қосылды. Әрине мұндай қадамның өз қиындықтары болады, бірақ оның бәрі уақытша. Қазір балаларымыз өте тату, бір-бірін қорғап, қолдап жүреді”. Ал бала тәрбиесінде ең бастысы балаларға жақсы білім беру дейді отағасы.

Әр өңірдің үздік әулеттерінің басын қосқан биылғы байқау осылай аяқталды. 

 

(Фото: bnews)

 

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: