18.12.2025
14:16
2238
Mercedes-Benz-тің бас дизайнері қызметінен кетеді

Mercedes-Benz-тің бас дизайнері қызметінен кетеді

БАҚ деректеріне сәйкес, Mercedes-Benz компаниясының бас дизайнері Горден Вагенер 28 жылдық қызметінен кейін өз еркімен қызметінен кетеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Autocar басылымының мәліметінше, 56 жастағы Горден Вагенер қаңтар айының соңында, нақтырақ айтқанда, 31 қаңтарда, ресми түрде зейнетке шығады. Оның бұл шешімі екі тараптың өзара келісімімен қабылданған.

Горден Вагенер Mercedes-Benz компаниясына 1997 жылы келген. Ал 2008 жылдан бері неміс автоалыбының жаһандық дизайн бөлімін басқарды. Осы жылдар ішінде ол тек сериялық модельдердің сыртқы келбетін ғана емес, компания ішіндегі дизайн мәдениетін де түбегейлі өзгертті.

Вагенердің орнына Mercedes-AMG спорттық автомобильдерінің дизайн бөлімінің жетекшісі Бастиан Боди тағайындалады.

Mercedes-Benz компаниясының бас директоры Ола Каллениус Вагенердің еңбегін ерекше атап өтті:

Горден Вагенер дизайн философиясы арқылы біздің брендтеріміздің айқын болмысын қалыптастырды. Оның шығармашылығы мен болашақ автомобиль дизайнын көре білу қабілеті Mercedes-Benz-ті байыта түсті.

Горден Вагенер автомобиль дизайнында «сезімтал тазалық» (Sensual Purity) философиясын енгізіп, таза сызықтар, мүсіндік пішіндер және бөлшектердің минимализміне басымдық берді. Оның ең танымал жобаларының қатарында AMG GT спорткарын және C және E класындағы болашақ электрлі модельдердің стилін айқындайтын Vision Iconic концептін атап өтуге болады.

Бұған дейін Mercedes-Benz роботакси қызметіне арналған жаңа көлікті көрсеткені туралы жазғанбыз