Менің барлық жобаларым "қазақшасы неге жоқтан" басталады

17 Наурыз 2019, 11:50 10154

Қазақ тіліндегі алғашқы бейресми бизнес форум қалай ұйымдастырылды? Жетістік ұғымының мәні неде?

Таяуда Астанада «Jetistik» форумы өтті. Шараға Ерлан Әшім, Амангелді Мұқашев, Ерлан Андасбаевтай бизнесмендер спикер ретінде қатысып, өздерінің кәсіпкерлік құпиясымен бөлісті. Табысты тұлғалардың жетістік жолынан өнеге іздеген көптеген жас форумның әсерлі болғанын айтуда. Жетістікке қатысты бірқатар сәтті жобаларды жүзеге асырған Арман Әлменбеттен  кезекті қолтаңбасы туралы сұрап-білген едік...

Менің істейтін шаруаларымның барлығы «Қазақшасы неге жоқ?» деген сұрақтан шығады. Елімізде орысша, ағылшынша форумдар көп өтеді. Қазақша өткенін естімеппін. Содан кейін неге істемеске деп былтырдан бастап ойлана бастағанмын. Былтыр күзде, Астанада «Берекелі бизнестің сыры» кітабының тұсаукесерін жасадық. Жастар өте көп жиналды. Қарапайым тұсаукесердің өзіне солай келіп, кәсіпкерден әңгіме тыңдауға ұмтылып тұрса, демек осындай нәрсеге қазақ жастары (қазақша ойлайтын, қазақша тыңдағысы келетіндерін айтамын) шөлдеп жүр екен ғой деген тоқтамға келіп, форумды қалай да өткізуім керек деп шештім.

Жоба авторы Арман Әлменбет.

«Мен деген сөзді екі рет қайталаса – шайтанның аты болады»,– дейді екен ғой Алмас Алматовтың әкесі. Сондықтан да бұл форумды ұйымдастырып жүргенде бәрімен «біз» деп сөйлестім. Ондағы біз деп отырғаным – «Muqaba» баспасы. Қазақша заманауи кітаптарды шығаруды көздейтін өзімнің баспам.

Ал шындығына келгенде залды табуға, билет сатуға көмектескен Құндыз Оралжан деген қыз болды. Содан кейін видео, фото түсірім, дизайн жұмыстарын мамандарға ақша төлеп істеттім. Тура форум болатын күні Қанат, Нұрғиса, Мейірболат деген достарым келіп көмектесті. Бары – осы.

Құзырлы орындардан қолдау болған жоқ.

Мен Астана қаласының әкімдігіне, «Нұр Отанға», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына хат жазғанмын. Астана қаласының әкімдігінен түк қайыр болмады. Қол астындағы «Астана ақшамы» газетін жібере салса да, серіктес деп афишаға таңбаларын шығарып қойғымыз келген. «Нұр Отан» «Астана тв» арнасы мен «Айқынды» жібереміз дегені үшін таңбасын қойдық. Ақыр аяғында ол да жоқ. Серікбол Хасан ағама екі күн қалғанда хабарласып, сіздерге айтты ма десем, жоқ дейді. Баспасөз релизін тікелей жіберіп едім, Секең бір қызды жіберетінін айтты. Ақыры сол қыз ғана келді. Ал енді «Атамекен» айтқан «business channel» – ол да сол күйі жоғалды. Әйтеуір, палатаның өз сайтынан Айсұлтан Жақыпов келді.

Қазақ тілі бизнестің де тілі болу керек!

Осы форумды өткіземін деп жүріп, мен небір мықты кәсіпкерлермен таныстым. Нағыз ақпараттық қолдау көрсеткен – сол кісілер болды. Өздері басқа қалада болса, Астанадағы таныс-тамырын жіберіп, кейбіреуі Алматыдан, Қызылордадан арнайы ұшып келіп қатысты.

Зиялымыз деп жүрген жастардың көбі «бізге бизнес не керек» дегендей қарады. Қазақ тілі сала-салаға кіріп дамымаса, заманға ілесе алмай қалады-ау деп ойлау жоқ. Жақын жора-жолдастарым барынша атсалысты, әрине. Оның ішінде Мирас Асан өзі келе алмаса да, қолдауым болсын деп бес билетті бір-ақ сатып алды.

Жетістік формуласы

Форумды әуелгіде «Жігер форум» деп атағым келген. Кейін сөз көбеймесін деп, жетістік сөзін алдым. Оның өзінде «J» әрпін басқа түспен, «etistik» сөзін басқа түспен беріп, ерекшелеп қойғым келді. Сонда жетістік деген әрекет арқылы болады, әрекет етейік, амал жасайық деген ой көрініп тұратын сияқты болды. Сөйтіп, осылай қойдық.

Форум спикерінің бірі – Амангелді Мұқашев.

Ал енді, жалпы жетістік дегенді әркім әрқалай талдайды екен. Қоғамға пайдалы бола отырып (ең болмаса зиянын тигізбей), денсаулығын құртып алмай, мақсаттарына жеткен; тіршілігін де реттеген, бала-шағасымен қарым-қатынасы дұрыс және, ең бастысы, Құдаймен арадағы байланысын бекіткен адам дейтін анықтама маған ұнайды.

Тегін нәрсенің қадірі болмайды.

Форумды үш күндік мерекелік демалыстың үшінші күнінде, таңғы онда бастайтын болдық. Содан ба екен, билетті сатып алып, келмей қалған адамдар да болды. Ал форум тегін болса, келген екі жүздей адамның тең жартысы ұйықтап қалуы мүмкін еді деп ойлаймын. Өйткені, тегін нәрсенің қадірі болмайды.

Содан соң, ең арзан билет 1000 теңге болды. Ең қымбаты 15 000. Кеше ғана Алматыда өтетін орысша форумға билет алдым. Ең арзаны 30 000 теңге. Ең қымбаты 350 000 теңге. Күн өткен сайын қымбаттай береді. Соған орыс тілді жұртшылық ешқандай реніш айтпайды. Барады. Өйткені, керек нәрсе екенін біледі.

Жастарға серпін керек.

Қазіргі қазақ жастарына бір серпін және нәр керек сияқты. Серпін заманға ілесуден, нәр тамырдан қол үзбеуден болатын шығар. Сондықтан спикерлерді таңдағанда қарапайым отбасынан шығып, өз күшімен көтерілген, қоғамға жаны ашитын, намысшыл, заманауи білім мен техниканы бизнесінде қолданып жүрген, қазаққа болсын дейтін кәсіпкерлерді іздедім.

Ал форумның ерекшелігіне тоқталсақ, ең маңыздысы, оның қазақша өткендігінде дер едім. Екіншіден, онда айтылатын әрбір сөз пайдалы болса, босқа адамдардың уақытын алмасақ екен деп ойладым. Бұл шарадан мен өзім ешкімге қағаз толтырып, фотоесеп бермейтін болғандықтан оның мағынасына көп мән бердім. Процесс үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істедік. Спикерлер де осы мүддені көздеді. Ең бастысы екі тараптың ниеті бірдей болды. Сондықтан да барынша пайдалы болуға тырыстық деп ойлаймын.

Ерлан Әшім форумнан кейін де көпшілікпен қызу әңгімеде.

Бірақ форум біткенше тек кем-кетігін терумен болдым. Жұрт қалай қабылдап отырғанын ажырата алмай, әбден қиналдым. Форум біткеннен кейін ғана жиналған жұрт спикерлермен танысып, суретке түсу үшін сахнаға көтерілген кезде көңілім орнына түсті. Үш сағат қозғалмай отырса да, адамдар (дені жастар ғой) сергек екен, көздері жанып, мәз болып жүр.

Айсұлтан Жақып:

Форум көптің көңілінен шықты. Үкіметтен қаржы бөлініп, өткізу міндеттелген кезекті жиын  бомлағандықтан, оған қоса еркін сұрақ-жауап форматында өткендіктен форум нәтижелі болды. Келген көпшлік те өзіне керектісін таба білді деп пікірдемін. Өйткені айтылған әңгіме көңілге қонымды. Неге десеңіз, спикерлердің бәрі де бизнесін жоқтан ұлғайтып, жалқыдан көбейткендер. Яғни табан ет, маңдай терімен жеткендер. Сондықтан бастан өткен бай тәжірибе тыңдаушыларға шабыт сыйлай алды. Өз басым алған олжам аз емес деп нақты айта аламын. 

Жоба – жартылай әлеуметтік, жартылай коммерциялық.

Бұл шараны өткеруде біз ешқандай демеуші іздеген жоқпыз, құзырлы мекемелердің «көмегі» әлгіндей болды. Бар шығынды өзіміз көтердік. Енді соны бірнәрсе ғып ақтауымыз керек емес пе? Сондықтан жобаның сипаты жартылай әлеуметтік, жартылай комерциялық болды. Ал егер артығымен пайда түскен жағдайда, біз оны кітап шығаруға жұмсаймыз деп ниеттендік. Спикерлерге де солай шарт қойғабыз. Олар бізден бір тиын да алмайды. Артық бір тиын түссе, «Muqaba» баспасын қолдауға жібереміз деп келген. Бірақ артық ақша түспей қалды ғой сол (Мен бұны еш өкінішсіз, шүкір деп қана айтып отырмын).

Ынты-шынтысымен сөйлеп отырған Ерлан Әшім.

Ендігі меже – бизнес таңғы ас.

Жетістікке жеткен адам деген тек кәсіпкер ғана емес қой. Сондықтан болашақта тек кәсіпкерлерді ғана емес басқа саладағы мамандар мен менеджерлерді де шақыратын ойымыз бар. Енді тек соның бәрін жымдастыруды ойластырып жатырмыз.

Өз жоспарымда форум жылына екі рет: қыс соңында Астанада, күз соңында Алматыда өтіп тұрса деймін. Ал басқа уақыттарда бизнес таңғы ас дейді ғой, сондай жасап тұратын шығармыз. Яғни, бір мықты кәсіпкерді шақырып, сол кісімен оразамызды ашып, әңгімесін тыңдап, сұрақ қойып дегендей. Сондай ұйымдастыршы деп жүрген жас кәсіпкерлер бұрыннан көп.

Психологиялық мотивация беретін тренингтердің көмегі шамалы.

Қазіргі семинар-тренингтер, көбінесе, бизнес және психологиялық, тұлғалық даму бағыттарында ғой. Одан бөлек, нақты нәрсені үйрететін де тренингтер бар.  Мысалы, бухгалтерияны үйрететін, менеджментке баулитын деген тәрізді. Сондықтан таңдаған кезде әркім өз жағдайына сай қажетін таңдау керек деп ойлаймын. Жетістікке жету үшін адамға психологиялық мотивация беретін семинар-тренингтер пайдалы деп жатады, бірақ, менің пікірімде, оның көмегі шамалы. Сосын бизнеске қатысты кейбір өзінде үлкен бизнесі жоқ, бірақ бизнестің теориясын жақсы меңгеріп алған тренерлар болады. Олар теорияны жақсы түсінеді, сонымен жүргендіктен ақпарат жеткізуде артықшылыққа ие. Ондайлар болу керек деп ойлаймын.

Форумнан соңғы естелік фотоға түсу. 

Ал біздің бұл форумдағы мақсатымыз мінберге практикамен жүрген  кәсіпкерлерді  шығару болды.  

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: