"Менің үйіме жүріңдер". Павлодарда мас еркек екі қызды үйіне алып кетпек болған

15 Қыркүйек 2023, 11:41 1437

Павлодарда мектеп ауласында жүрген мас ер адам 1-сыныптың екі оқушысын алдап ертіп кетпек болған. Бұл туралы оқушы қыздардың анасы дабыл қақты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Кенжекөл жалпы білім беретін орта мектепте оқитын 1-сыныптың екі қызын ішімдік ішкен ер адам үйіне алдап, ертіп кетпек болғаны айтылады.

Менің қызымды мас ер адам өзімен бірге алдап алып кетуге шақ қалды. Ол мектеп ауласында жүрген. Менің қызым осы мектепте 1-сыныпта оқиды. Ол қызым мен оның құрбысына жақындап «Сенің анаң жұмыста. Ол сендерді менің үйімнен алып кетеді. Менің үйіме жүріңдер» деген. Балалар бақытымызға орай, бармай қойған. Себебі сол сәтте мен келіп үлгердім, - дейді ана.

Қызының болашағына алаңдаған ана ертең оны мектепке жібермейтінін мәлімдеді.

Сынып жетекшіміз өзге оқушыларын мектеп автобусына отырғызып жүрген. Ал Кенжекөлде тұратын балалар сол сәтте қараусыз қалған. Олардың қасында мектеп әкімшілігінен немесе өзге мұғалімдердің бірде-бірі болмаған. Тіпті, күзетші мен вахтер да жоқ. Сынып жетекшісі әуелі өзге ауылдан қатынап оқитын оқушыларды шығарып салып, кейін кенжекөлдік оқушыларын үйлеріне жібереді. Бір ғана адам екі жаққа қалай үлгереді. Оған көмектесу керек қой. Неге мектеп ауласында ішімдік ішкен, темекі тартатын ер адам жүреді? Оны ешкім көрмейді. Онымен қоса менің қызымды алып кеткісі келеді. Мен бірден учаскелік инспекторды шақыруды сұрап, шу көтердім. Себебі қатты қорықтым. Біз бүгін екі баланың өмірін құтқарып қалдық. Егер бұл балаларды алып кеткенде не болар еді? Неге бұл мектепте күзет қызметі жоқ? Неге біз мектепке кеткен балаларымыздың өмірі үшін алаңдауымыз керек? Менің қызым ертең мектепке бармайды. Себебі баламның болашағы үшін қорқамын, - дейді қыздың анасы.

Сонымен қатар ол облыс әкімінен, Кенжекөл әкімдігінен және білім басқармасынан аталған мәселені шешуді әрі жіті назарға алуды сұрады.

Павлодар облысының полиция департаменті ер адамның ұсталғанын хабарлады.

14 қыркүйекте сағат 18.00-де Павлодар қаласында полицияға Кенжекөл ауылының тұрғыны хабарласып, «белгісіз мас ер адам оның кішкентай қызын мектеп аумағынан алып кетпекші болған» деп хабарлады. Факті тіркелді. Ер адамның жеке басы анықталды. Ол 34 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Ол есін жию үшін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды. Аталмыш дерек бойынша Павлодар қалалық ПД тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады, - делінген хабарламада.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: