«Менің ұлым – лудоман»: Отбасын қарызға батырған тұрғын қаржылық сауатты оқып жүр

17 Мамыр, 19:16 3066

Қазақстандықтардың банктер мен түрлі қаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 18 триллион теңгеге жетті. Соңғы жылдары тұтынушылық несие сегментінде статистика өсіп жатыр. Ел тұрғындарының 84 пайызы тапқан табысын қаржы ұйымдарына құяды. Ал несиені уақытында төлей алмай отырғандардың саны 1,7 миллионнан асып жығылады. Осы мәселелерді ескере отырып, халықтың қаржылық сауатын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғаны белгілі. Бүгін жобаның Қызылорда облысындағы маманы Балдырған Мәменмен сұхбаттастық. Қаржы маманы Балдырған Нұртуғанқызы тұтынушылық несиеден бастап, лудомандарға дейін қарыздан құтылғаны жөнінде айтып берді.

El.kz: Балдырған ханым, «Қарызсыз қоғам» жобасына құмар ойынның құрбандары да көмек сұрап келе ме? Олар қаншалықты көп?

Балдырған Мәмен: «Қарызсыз қоғам» былтыр пилоттық жоба ретінде басталды. Алғашында 8 өңірде 65 мың адам оқып шықты. Оның ішінде Қызылорда облысы болмаған еді. Жобаның оң нәтижелерінен соң Президент жолдауға енгізіп, барлық өңірді қамту туралы тапсырма берген болатын. Биылдан бастап барлық аймақта 5 ақпаннан басталды. Қазір Қазақстанның әрбір өңірінде 150-ден астам қаржы сарапшылары жұмыс істеп жатыр. Қызылорда облысында 5 сарапшы жүйелі жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін 3 мыңға жуық адамды оқыттық. Арнайы сертификаттар табысталды. Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында болсақ, қазір мамыр айынан бастап Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында және Байқоңыр қаласын қамтуды көздеп отырмыз. Қосымша Қызылорда қаласында жыл соңына дейін тұрақты түрде өткіземіз. 3 ай бойы Сырдария ауданында жұмыс істедім. Жобаға қатысуға ниет білдірген азаматтарды тегін оқыттық. Сырдария ауданы бойынша жобаға қатысқандардың ішінде 505 азамат арнайы сертификаттарға ие болды. Тұрақты түрде, сабақты жіберіп алмай, жеке қаржыны басқарудың, қаржылай сауатты болудың алғашқы әліппесін үйреніп, ақпараттарға қанық болды. Оқып қана қоймай өз өміріне енгізіп, күнделікті тіршілікте қолдана бастады. Биыл Қызылорда облысы бойынша 8 мыңнан аса азаматты оқытуды жоспарлап отырмыз.

El.kz: Лудомания қоғамның дерті екені анық, алайда бұл оқиғада лудомандарға қарағанда жақындары мен туыстары көп зардап шегеді. Ата-анасы ауыр күйзеліске шалдығуы да мүмкін. Лудомандарға жақындары қалай көмек көрсете алады?

Балдырған Мәмен: Сырдария ауданында лудоманияға қатысты күрделі мәселерге тап болған бірнеше адам қатысты. Олар отбасында лудоман бар азаматтар, одан кейін өзі де ойын ойнап, опық жеген азаматтар болды. Өзіме 3 азамат оқиғасын айтып, кеңес сұрады. Қаншалықты көп немесе аз екені туралы нақты баға бере алмаймын. Себебі, қатысушылардың барлығы дерлік өмірінде болып жатқан қаржылық қиындықтар туралы бөлісе бергенді құп көрмейді.

Фото: жеке мұрағат

El.kz: Бір отбасының лудоман ұлы жобаның қатысушысы атанған екен. Осы оқиға туралы айтып беріңізші. Ол жігіттің жасы нешеде, қанша уақыт құмар ойын ойнаған, қанша қарызы бар. Қазір не істеп жүр?

Балдырған Мәмен: Жасы, жұмысы, қиындығы туралы жария ете алмаймын. Ол азамат өмірінде қиын сәттер көп болғанын мойындап отыр. Өте көп несие алған. Соның ішінде микроқаржы ұйымдарынан тоқтаусыз несиелер алынған. Аталмыш азамат басындағы мәселесін айтып, жобаға қатысуға өзі сұранып келді. Дәл қазір өзі құмар ойыннан бас тартқанын, имамдармен сөйлесіп, дін тұрғысынан оқып, өзін тәрбиелегенін айтады. Бірақ басында қаншама қарызды шешу үшін не істеуге болатынын сұрап келді. Сабаққа қатысқаннан кейін қаржыны басқаруға қатысты білімінің таяз болғанын өзі де мойындады. Оқу негізінде өзінің жіберген қателіктерін түсінді. Өкінішке қарай, ол жігіт қарыздарын уақытылы төлей алмағандықтан тұрақты жұмысынан шығып кеткен. Бірақ, мені қуантқаны ресми келісімшартпен жұмыс істемесе де, қосымша жұмыстар істеп, табыс тауып, қарызын жауып жүр. Айтылған азаматтың лудоманияға қалай тап болғаны себебін анықтамадым. Себебі, оның жарасына тұз себуге болмайды. Мәселеден қалай шығу керек екенін көрсетіп, бағыттау керек.

El.kz: Лудоманияның құрбаны болмас үшін не істеу керек?

Балдырған Мәмен: Мемлекеттік деңгейде бірнеше шаралар қабылданып жатыр. Соның бірі, Egov жүйесі арқылы ойыншылар өздеріне «қарыз алмаймын, несие алмаймын» деп шектеу қоятын бір тетік пайда болды. Одан кейін лудомандарға қарасты заң жобасын депутаттар жан-жақты талқылады. Әлі қабылданған жоқ. Яғни, құмар ойындарды ашық жарнамалау және насихаттауға заң жүзінде шектеу қойылады. Заң жазда қабылданып, күзден бастап күшіне енеді деп үміттеніп отырмыз. Егер заң қабылданатын болса, белгілі бір деңгейде адамдарға көмек болары сөзсіз. Үлкен алаңдарда, билбордтарда, әлеуметтік желілерде ашық жарнамалар өте көп. Телеарналардан да ондай жарнамалар көрсетіліп жатады. Сол тұрғыда ақпаратты шектесе, ондай ойын түрлерінің бар екені туралы ақпарат қолжетімсіз болса құмар ойынмен күрес жеңілдей түсер еді деген пікірдемін.

Ойынға қатысты мәселемен тікелей бетпе-бет келген 3 азаматпен сөйлестім. Біреуі өзі ойын ойнаған кісі, екіншісі баласы ойынға кірген, үшіншісі жақын адамы ойын ойнаған. Баласы құмар ойынның қақпанына түскен кісінің отбасы қаржылық қиындықтарға тап болып отыр. Баласы ата-анасының атынан несие алған. Ата-анасы жағдайдан хабардар, «өз балам ғой, өз қолымды өзім қалай кесемін» деді. Оған қалай көмектесу керек екенін де білмей, басы қатып жүрді. Екінші ата-ананың жасаған жұмысы қуантты. «Біздің жеке деректеріміз, ЭЦҚ, жеке куәлік сияқты құжаттарымызды пайдаланып, атымыздан несие алып қоймай ма? Не істей аламыз?» деп сұраған кісі болды. Ол кісімен бірге несие тарихын тексеріп, өз еркімен ЭЦҚ қолданып, несие алуға шектеу қоя алатыны жөнінде түсіндірдім. 6 ай сайын оны созып отыру керек. Өзін және отбасын солай қорғап отыр.

Фото: жеке мұрағат

El.kz: «Қарызсыз қоғам» жобасындағы басқа да қатысушылар туралы пікір білдірсеңіз. Қарызын жауып, қаржы сауатын арттырғандар көп пе?

Балдырған Мәмен: Жалпы «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың қаржылық біліктілігін арттыру. Бізге өмірге келгеннен бастап барлық іс-әрекетті ата-анамыз, ұстаздарымыз, қоғамдағы ортамыз үйретеді. Дүниеге келген сәттен жүруді, тамақ ішуді, киінуді, тазалық сақтауды, мектепке барған соң әріп танып, сауат ашуды, әрімен қарай маман болып қалыптасқанға дейін барлық нәрсені үйретеді. Алайда, осы уақытқа дейін ақшамен жұмыс істеуді саналы түрде үйреткен жоқ. Біз қаржымен қарым-қатынасты ата-анамыздың, жақындарымыздың қолданып жатқан тәсілдерін көру арқылы дұрыс-бұрыс шешімдер қабылдап келдік. Көп жағдайда қаржылық сауаттылық сабақтарына қатысып жатқан халық өкілдерін сауатсыз деп айта алмаймын. Белгілі бір деңгейде білімі бар, өмірлік тәжірибесі шыңдалған, қоғамда қалыптасқан тұлғалар. Бірақ ақшамен жұмыс істеуде ақпараттың жеткіліксіздігінен немесе дер кезінде сол ақпараттарды алмағандықтан дағды қалыптаспаған. Ақшамен жұмыс істеу, жеке қаржыны басқару дағдысы дегеніміз – тіл үйрену, белгілі бір мамандықты меңгеру, сосын көлік айдап үйрену деген секілді бұл да бір біліктілік, бір дағды. Егер оны күнделікті қолданып, жетілдіріп отырмаса қалыс қаласың. Жаңарған ақпараттарды ұдайы меңгермегенде қате шешімдерді қабылдап жатады. «Қарызсыз қоғам» жобасының да негізгі мақсаты осы. Біз қатысушыларға жеке қаржыны басқаруға қатысты көбірек ақпараттар береміз. Жоба қатысушыларына 5 күн ішінде дағды қалыптастыруға септігімізді тигіземіз. Біз несие алған кісілермен бәрін талқылаймыз. «Несиені не үшін алып жатырсыз? Қанша пайызбен алдыңыз? Қалай қайтарасыз? Қанша есе қайтарып жатқаныңызды білесіз бе» деген сұрақтар қойылады. Көп жағдайда азаматтар несие алуына сол сәттегі қажеттілік себеп болған. Қалай, қанша ақша қайтаратынына маңыз қоймайды. Бір ғана мысал айтайын, жобаға қатысушы жасы 60-дан асқан апа екінші деңгейлі банктен 500 мың теңге несие алған екен. Балалары үй алып жатқанында ақша жетпегендіктен көмектесу үшін алған. Бірақ балаларына айтпаған. Қарызды 4 жылға алған. Сонымен ай сайын төлейтін сомасын 4 жылға есептегенде екі есе үстінен төлеу керек. 1 миллион 82 мың теңге шамасында қайтарады. Бұл ақпаратты естігенде «Мен осыншама теңге ұтыламын ба?» деп шошып кетті. Сосын ол кісі қолындағы артық ақшасын төлеп, несиенің жартысынан құтылмақ болғанын айтқанда, банктегілер болмайтынын айтқан. Бірақ біз менеджерлер ауызша жауап бергендіктен, жазбаша жауапты көрген жоқпыз. Жеке консультацияда апаның қолындағы ақшамен қарызды жартылай жаптық. Сол кезде 4 жылға алынған несиенің 1 жыл 4 ай уақыт пен 178 мың теңге ақшаны үнемдедік. Осылайша артық ақшамен несиені жабу арқылы уақытты қысқартып, үстінен қосылатын пайызды да азайтуға болатынын біліп, қуанып кетті. Одан бөлек қарызды алған кезде «Қалай қайтарсам екен?» деп жабу жолдарына бас қатырып жүрген кісілер баршылық. Сол адамдарға қолынан қандай іс келетінін сұрастырып, тұрақты табысынан бөлек, қосымша табысқа шығу мүмкіндігін іздейміз. Қосымша табысқа қатысты тәсілдерді сызып көрсеткенде, нақты жоспар пайда болады. Зейнетақы жинақтарында көпшілік тұрақты табыстың белгілі бір бөлігін ұстайтынын біледі. Ал оның әрімен қарай қайда барып, не болатынына бас қатырмайды. Сондай-ақ зейнетақы шотындағы ақшаға далаға кетіп жатқандай қарайтын азаматтар көп. «Зейнетақы қорында қанша ақша жиналған? Зейнетке қанша ақшамен шығасыз? Зейнетақы жөнінде мамандардан кеңес алыңыздар», - деп кеңес бергенде, тұрғындар жеке шоттарын ашып, жиналған соманы көріп, жетпеген жағдайда не істеуге болатынын сұрастырып жатқан азаматтарды көргенде риза боламын. 3 айда қатысқан 505 азаматтың ішінде 64 азамат түрлі мақсатқа депозиттер ашты. Бірінші – тұрғын үйге, екіншісі – балаларының білім алуы үшін «Ақыл» депозиті, үшіншісі – қауіпсіз қарттығыма деп депозит ашқан кісілер. Яғни, болашақта зейнетке шыққан кезде зейнетақыма қосымша қаржы болғанын, пассивті табысым болғанын қалаймын деп қазірден бастап дайындалып жатқан адамдар болды. Сабақтарда депозиттерді құру мақсаты, жоспары жөнінде талқылау өз нәтижесін берді.

El.kz: Кейде туысқандар мен достар бір-біріне қарыз беріп, қарыз алысып жатады. Қарыз бергендер опық жеп, үлкен соманы қайтара алмай қалатыны тағы бар. Жақын адамдарға қарыз берерде нені ескеру керек? Мүлдем қарыз бермей немесе қарыз сұрамай да өмір сүруге бола ма?

Балдырған Мәмен: Мен біздің халқымыздың өте қатты құрметтейтін, бір жағынан кейде сол қасиетінен қиындыққа тап болатынына қарным ашып, қынжылатын бір мәселе бар. Өте ақкөңіл, сенгіш және үнемі өзгеге көмектесуге дайын тұратын халықпыз. Осы жобаның аясында несие, қарыз тақырыбын талқылағанда қатысушылардан қарызға қалай кіріп кеткенін сұраған кезде басым көпшілігі өзгеге несие алып берген. «Қайтарады ғой» деп сеніп, өзінің атынан өзге бір адамға несие алып беріп жатады. Несие алып берген әріптесі, досы, туысы, жақыны болсын дәл сол сәтте қайтаратынына сенімді болған шығар. Бірақ, бұл – өмір ғой. Әртүрлі жағдайлар кездеседі. Қайтара алмай қалған кезде ол несие алған адамның қарызы болып қалады. Өйткені, өзіңіз саналы түрде сондай шешім қабылдап алдыңыз. «Жоқ, мен ақшаны қолданбадым» деп ақталған күннің өзінде несие тарихы бұзылады. Бірнеше адамда осындай мәселе бар. Жобаға қатысушы жасы үлкен апа болды. Өте жақсы жерде жұмыс істейді, барлығы бар, жағдайы жасалған. Бірақ несие тарихын бұзып алған. Одан әрі қарыз алып берген кісі қарызды төлемей жатқандықтан, өзінің бар дүниесін сатуға мәжбүр болған. Сондай-ақ тұрақты табысын банктен ұстап қалып жатыр. Өкініштісі, өзі пайдаланған жоқ. Адам ретінде қаржылық жағдайы тұрақсыз деген пікір қалыптасады, мұндайда кәсіпкерлік мақсатта несие алғысы келсе де қаржы институттары бермейді. Тұрғын үй мақсатында өзіне немесе балаларына ипотека ала алмайды. Кедергі көп болады. Қарызсыз өмір сүруге болады. Қарыз алып жатқан кісілерді де түсінемін. Мойындау керек, көпшілігінде табыс деңгейі төмен. Көпбалалы отбасылар бір ғана табысқа қарап отыр. Сонша баланы бір айлықпен асырай алмай, қарызға кіріп кетеді. Мақсатты, мақсатсыз қарыз деп қарастырғанда жобаның ауқымынан да шығып кетеміз. «Өмір сүру стратегияңыз қандай? Кім болғыңыз келеді? Қазіргі қабылдап жатқан шешіміңіз өмір сүру стратегиясына сәйкес келе ме?» деп сұрақ қоямыз. Қарыз қандай жағдайда қалыптасады? Табысы төмен адамдардан бөлек жоғары жалақы алатын азаматтар да қарыз алады. Өйткені, қаржылық жоспары жоқ. Көп жағдайда қарыз алып жатқан кісілердің несие тарихына талдау жасағанда түсінгеніміз, көп жағдайда тауарлық немесе тұтынушылық несие алады. Оларды мақсатсыз несие деп қарастырамыз. Оны бір ғана жағдайда мақсатты деп қарастыруға болады. Егер ол денсаулықпен тікелей байланысты болса ғана. Яғни, адам қай кезде ауырып қалатынын және қай уақытта дәрі-дәрмек алу керектігін білмейді. Сол кезде алынған болса өзін-өзі ақтауға болады. Қалған жағдайда күтуге болатынын, жоспарлап алуға болатын дүниелер. Сондықтан, өмірлік стратегиямызға қарай қаржылық мақсатымызды жазу керек.

Фото: жеке мұрағат

El.kz: Жоба аясында жеткен жетістіктеріңізбен бөліссеңіз.

Балдырған Мәмен: Жеке қаржыны басқару кіріс-шығыныңызды жазудан басталады. Табысыңыз бен жұмсалып жатқан шығыныңыз қаншалықты бір-бірімен сәйкес келеді? Оны білу үшін бірінші жазып үйрену керек. Жеке қаржыны басқаруда ең бірінші қабылдайтын қадам осы деп айтамын. Себебі, кісіріңіз бен шығыныңыздың көлемін білмейінше қаржыға жоспар жасай алмайсыз. Тұрақты шығындар бар: азық-түлік, баспана жалдау, коммуналдық қызметке төлейміз. Осы қажеттіліктен шығатын қаржы көлемін білмейінше тауып жатқан табыстың қаншалықты жеткілікті екенін біле алмайсыз. Сондықтан біз қаржылық мақсатты құрмастан бұрын күн сайын кіріс-шығынды жазып үйренуді талап етеміз. Бастапқы кезде көпшілігі мұны маңызды деп қабылдамайды. Бірақ 5 күннің ішінде жалпы жазып шығуға тырысады.

Жоба аясында 64 қатысушымыз 5 күннің ішінде депозит ашты. Одан өзге бір адамды жұмысқа тұрғызуға себепші болдым. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында облыста жобалық-кеңсе жұмыс істейді. Құрамында мемлекеттік органның өкілдері, банктің өкілдері бар. Жобамызға қатысқан бір қыздың атынан туысы несие алған. Оны енді өзі жабуға мәжбүр болып тұр. Қандай жұмыс болса да бас тартпайтынын айтқан соң жұмыспен қамту ұйымдарымен сөйлесіп, уақытша істейтін қоғамдық жұмыс тауып бердік. Одан кейін бірнеше адам «Стоп, несие» деген жобаны қолдануға болатынын көрді. Бірге отырып бірнеше адамға осы жобаны жасап бердім. Ауыл тұрғындарына ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін түсіндірдім. Көбіне интернет арқылы төлем дегенде көпшілік түсінбей жатады. Мессенджерлерден келген сілтемені басып, картадағы ақшасынан айырылып қалған оқиғалар болды. Сондықтан интернет арқылы төлем жасауға берілетін мүмкіндікті жауып қойдық. Одан кейін зейнетақы шотындағы қаржыны тексеріп, оған талдау жүргіздік. Заңгерлермен бірге 4-5 азаматтың несие жүйесін дұрыстадық.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Фото: жеке мұрағат

P/S: «Қарызсыз қоғам» жобасы – «AMANAT» партиясының Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған бастамасы. Жобаны жүзеге асыруға еліміздегі 10 банк (Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK) қаржылай қолдау көрсетеді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: